Қозыбаев университетінің ғалымдары мен студенттері Солтүстік Қазақстандағы ежелгі "Ақ-Ирий" қалашығында Алтын Орда дәуіріне қатысты жаңа деректерді тапты, деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайты.
Қоныс Солтүстік Қазақстан облысындағы Долматово ауылының маңында биік үшбұрышты мүйісте орналасқан, үш жағынан 40 метрлік өзен жартастарымен қорғалған, ал екінші жағынан қорған бекіністерімен бөлінген. Ғалымдардың пікірінше, нысан қорғаныс қызметімен қатар діни рәсімдер өткізуге, шаруашылық жүргізуге, сауда қатынастарын дамытуға және шекаралық бақылауды жүзеге асыруға пайдаланылған.
Археологтар бұл нысанда 22 жылдан астам уақыт бойы зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Осы кезеңде өңірді мекендеген тұрғындардың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінен сыр шертетін көптеген құнды жәдігерлер анықталды.
Биыл ғалымдар қалашық аумағынан табылған сүйек пен көмір үлгілеріне жүргізілген радиокөміртектік сараптама нәтижелерін алды. Зерттеу Литваның Вильнюс қаласындағы арнайы зертханасында жүргізілді. Органикалық материалдардың жасын анықтауға мүмкіндік беретін С14 радиоактивті изотопы бойынша жүргізілген сараптама қалашықтың Алтын Орда дәуіріне жататынын растады.
Биылғы археологиялық маусымның олжалары металл балқыту үшін пайдаланылған пеш құрылымдары болды. Бұл сол кезеңдегі металлургиялық өндіріс технологияларының жоғары деңгейде дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар ет дайындауға арналған ірі құрылыстар анықталды. Археологтар өндірістік нысандардан күйдірілген кірпіштің сынықтарын, металл өңдеудің іздерін тапты. Ал жекелеген шұңқырлардан жануарлардың сақталған қаңқалары мен балық сүйектері табылды.
Солтүстік Қазақстанның белгілі археологы, профессоры Анатолий Плешаков бірегей ескерткішті 1968 жылы ашқан.
"Алғашқы болжамдарымыз бойынша бұл аумақтағы алғашқы қоныс ерте темір дәуіріне жатады. Кейін бұл жер Алтын Орда дәуірінде қайта игерілген. Біз темір балқытуға арналған ерекше пештерді анықтадық. Әзірге олардың үшеуі ғана зерттелді. Сонымен қатар өзен жағалауынан өте ірі құрылыстарды таптық. Зерттеу нәтижесінде олардың ет ыстауға арналған нысандар екені анықталды. Осындай ауқымды құрылыстарды Еуразия кеңістігі бойынша ғылыми еңбектерден де, халықаралық конференциялар материалдарынан да кездестірген емеспін. Болжам бойынша мұнда үлкен әскерді азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін ет дайындалған. Яғни бұл өзіндік ортағасырлық "ет комбинаты" болған", – дейді Қозыбаев университетінің профессоры Анатолий Плешаков.
Археологтардың айтуынша, қазба барысында ұсақ тұрмыстық заттар көп табыла қойған жоқ. Бұл тұрғындардың қонысты асығыс тастап кетпей, өздеріне қажетті мүліктерін алып кеткенін аңғартады. Дегенмен олардың бұл жерден не себепті көшкені әзірге белгісіз. Зерттеу барысында тұрмыстық бұйымдар, сүйек қалдықтары, қыш және керамикалық ыдыстардың сынықтары, жебе ұштары, сондай-ақ антропоморфтық өрнектермен безендірілген әшекей бұйымдар табылды.
Экспедиция құрамында университеттің 20-дан астам бірінші курс студенті жұмыс істеді. Қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан аумаққа мектеп оқушылары мен студенттер үшін экскурсиялар ұйымдастырылады. Жастардың тарихи мұраға деген ерекше қызығушылықтары ғалымдарды Ақ-Ирий қалашығының аумағында тарихи-туристік кластер құру идеясын әзірлеуге ынталандырды. Бұл бастаманы жүзеге асыруға дамыған инфрақұрылым, нысанның Петропавл қаласына жақын орналасуы және Есіл өзенінің бойындағы көркем табиғи орта қолайлы мүмкіндік береді. Ашық аспан астындағы мұражай құру мәселесі пысықталып жатыр.
Айта кетейік, "Ақ-Ирий" қалашығы Солтүстік Қазақстанның киелі нысандарының тізіміне енгізілген.

