Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өткен жылы атқарған жұмысын қорытындылап, 2024 жылға арналған міндеттерді айқындады.
Ұлттық комиссияның төрағасы Аида Балаева мемлекет басшысы қол қойған Жарлығына сәйкес комиссия мүшелерін ротациялау жүргізілгенін атап өтті.
Комиссияның жаңа құрамымен осы жерден танысуға болады.
"Ұлттық комиссия сарапшыларының қатысуымен Әлеуметтік кодекс әзірленіп, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне өзгерістер енгізілді. "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қамтамасыз ету және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы әзірленді", – деді Аида Балаева.
Оның айтуынша, 2023 жылы проблемаларды жан-жақты талдау, өңірлік ерекшеліктерді бағалау және өзекті мәселелер бойынша шешімдер әзірлеу үшін Ұлттық комиссияның сараптамалық топтарының өңірлерге бару тәжірибесі енгізілді.
Мониторинг және сараптамалық талдау қорытындысы бойынша жекеменшік мектепке дейінгі мекемелер мен жазғы лагерьлерде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, келеңсіздіктерге тосқауыл қою, сондай-ақ балалар арасындағы буллинг пен суицидті алдын алу бойынша бірқатар бастамалар әзірленді. Зорлық-зомбылық құрбандарына тегін құқықтық және психологиялық көмек көрсету үшін One Stop Service жобасы іске қосылды. Жоба аясында әйелдер мен балаларға қатысты 36 қылмыстық іс бойынша қолдау көрсетілді. Резонанс тудырған 11 іс ерекше бақылауға алынды.
Әйелдер мен балаларды қорғау жөніндегі істермен айналысатын адвокаттар мен заңгерлерге арналған арнайы әдістеме әзірленді. Балаларға зорлық-зомбылық көрсету жағдайларына жедел әрекет ету алгоритмі дайындалып, мемлекеттік органдардың тәжірибесіне енгізілді.
Оқи отырыңыз: Сарапшы: Отбасындағы зорлықты тоқтату үшін оны дереу және қатты сынайтын қоғам құруымыз керек
Әлеуметтік маңызы бар 7 жоба, оның ішінде "Самұрық-Қазына"АҚ-мен бірлесіп 3 қайырымдылық жобасы іске асырылды.
Олардың қатарында Astana hub-пен бірлескен It-Aiel бағдарламасы бар. Бағдарлама 2 мың жұмыссыз әйелге табыс көзін арттыруға және фрилансерлік платформаларда ақша табуды табуды үйрену арқылы қаржылық тәуелсіздікке қол жеткізуге мүмкіндік берді. "Томирис" ұзақ мерзімді білім беру жобасы қалалар мен ауылдық жерлердегі табысқа жеткен қыздар мен әйелдерді қолдауға бағытталған.
Тағы бір сәтті жоба – шалғай аудандар мен ауылдарда тұратын азаматтарға медициналық, психологиялық, құқықтық және медиативтік көмек көрсету және тексеру үшін іске қосылған "Саламатты Қазақстан" пойызы.
Отбасы, гендерлік саясат және демография мәселелері бойынша 12 зерттеу ұйымын біріктіретін ұлттық консорциум құрылды.
Өңірлерде әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталықтары, отбасын қолдау орталықтары және зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталықтары ашылды. Анықтама үшін "сенім телефоны" жұмыс істейді.
Сөз соңында Аида Балаева Ұлттық комиссия жұмысының алдағы күн тәртібін белгіледі. Министр биылға арналған бірқатар негізгі басымдықтар құқықтық мәдениетті және заң бұзушыларға қарсы көзқарасты қалыптастыру, түрлі мақсатты топтармен қоғамдық талқылауды дамыту, адамгершілік және отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту жөніндегі міндеттерді атады.