Тікелей эфир

Өрттің 70 пайызы тұрғын үй секторында болады. Бір жылда кешендердегі өрт саны 9 пайыз қысқарған

Былтыр өрттен келген материалдық шығын 168 млрд 834 млн теңгені құрады.

2023 жылдың 12 айында республикада 11 805 өрт тіркелді. Онда 375 адам қаза тауып, 304 адам жарақат алды. Материалдық шығын 168 млрд 834 млн теңгені құрады. 2022 жылмен салыстырғанда өрт азайды, деп мәлімдеді төтенше жағдайлар министрлігі Informburo ресми сұратынымына берген жауабында. 

Былтыр оның алдындағы жылмен салыстырғанда өрт 414 жағдайға немесе 3,4 пайызға азайды. 2022 жылы 12 219 өрт оқиғасы болған еді. Мұнымен қатар өрт кезінде жарақат алғандар саны 3,2 пайыз азайды, 2022 жылы 314 жағдай тіркелген.

"Жыл сайын 60-70% жағдайда өрт тұрғын үй секторларында, 20% жағдайда көлік құралдарында болады. 2023 жылы тұрғын үй секторында болатын өрт саны 9 пайызға немесе 7598-ден 6909 жағдайға дейін азайды. Сондай-ақ бақылаудағы объектілердегі өрт саны 4 пайызға немесе 1084-тен 1042-ге дейін төмендеді", – деді министрліктегілер. 


Оқи отырыңыз: Астанада құтқарушылар мен өрт сөндірушілерге пәтер кілті табысталды


Өрт сөндірушілер / Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

2023 жылы 14 402 нысанда тексеру жүргізілді. Оның ішінде:

  • профилактикалық бақылау – 10 809 (2022 ж. – 20 121, – 46,3%);
  • жоспардан тыс – 3593 (2022 ж. – 16 144, – 4,5 бақылау).

Тексеру нәтижелері бойынша өрт қауіпсіздігі талаптарының 109 510 рет бұзылғаны анықталды. (2022 ж. – 152 418, – 28,2%.). Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін 14 438 жеке және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды (2022 ж. – 25 197, – 42,7%). Оның ішінде:

  • ескерту түрінде – 12 085  (2022 ж. – 18 484, – 34,6%);
  • айыппұл түрінде – 2352 (2022 ж. – 6 713, – 65%). Олар жалпы 103,1 млн теңгеден астам сома (2022 ж. – 353 млн теңге, – 71%) айыппұл төледі.

"Мемлекет басшысының "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң шеңберінде көп адам орналасқан объектілерді, тұрғын және биік ғимараттарды пайдалануға қабылдау кезінде өрт бақылауын қайтаруға қатысты тапсырмасын орындау үшін ТЖМ-ге өрт қауіпсіздігі талаптарына сай келу қорытындысын беру құзыретін қайтару көзделген. Сонымен қатар өрт автоматикасы жүйелерін монтаждау, баптау және техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыруға рұқсат беру қарастырылған. Бұл осы қызмет түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарға қойылатын біліктілік талаптарын белгілеу мақсатында ұсынылып отыр. Қазіргі уақытта штатта білікті мамандары жоқ ұйымдар өрт автоматикасы жүйесі бойынша қызмет көрсетіп жатыр. Көптеген өрттен кейін жүйелерде ақаулар болғаны анықталды. Мысалы, "Кристалл" автотұрағындағы өрт адамдардың өміріне үлкен қауіп төндірді, "Қаһарман" тұрғын үй кешенінде болған өртте қызметкеріміз қаза тапты. Осы өрттің барлығы жүйелерде ақау болғанын көрсетті. Осы бағытта зерттелген халықаралық тәжірибе көптеген елде бұл қызмет түрінің лицензияланатынын (Ресей, Беларусь, АҚШ, Украина, Молдова, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан) көрсетіп отыр", – деді министрлік өкілдері. 


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында полиция қызметкерлері бүтін бір отбасыны өрттен құтқарып қалды


Өрт сөндірушілер / Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Министрліктергілердің айтуынша, осы рұқсатты алу үшін оларға ең төмен деген талаптар қойылатын болады. Яғни компанияның электр қауіпсіздігі бойынша үш маманы мен қажет жабдықтарының болуы шарт. 

ТЖМ тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады

 ҚР ТЖМ өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев министрлік бөлімшелерінің жыл бойы республика бойынша кең ауқымды үгіт-насихат іс-шараларын өткізетінін айтты. Азаматтарға жылыту жүйесі мен пештердің жөндеу тәртібі туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілмек. 

"Жылыту маусымында халықтың әлеуметтік осал топтарына ерекше назар аударылады. Жыл сайын жылыту маусымы басталғанға дейін ТЖМ әлеуметтік қорғау органдарымен бірлесіп, олардың санын анықтап, атаулы профилактика көрсету үшін есепке алады. Пештерді және электр жабдықтарын пайдалану сақтау бойынша әдістемелік көмек көрсету үшін жыл сайын жылыту маусымы басталғаннан аяқталғанға дейін ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп тұрғын үй секторында рейдтер мен үйлерді аралау жұмыстарын жүргізеді. Азаматтарды өрттен қорғаудың бір әдісі – түтін туралы хабарлау құралдарын, яғни "өрт датчиктерін" орнату. Бұл құрылғылар адамға өрт қаупі төнген кезде қауіпсіздік шарасын қолдануға мүмкіндік береді", – деді комитет өкілі. 


Оқи отырыңыз: Астанада өрт сөндірушілер көпқабатты үйде болған өрттен 7 адамды құтқарды


Өрт сөндірушілер / Фото: Informburo.kz

ТЖМ ұсынысы бойынша соңғы үш жылда тұрғын үйлерде жүз мыңнан астам дербес датчик орнатылған. Олардың іске қосылуының арқасында 71 азаматтың өмірі сақталған. Жылыту маусымы басталғалы елімізде 2890 өрт тіркеліп, 148 адам қаза тапты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, өрт 9,6 пайызға, адамдардың қаза болуы 6,3 пайызға қысқарған.

ТЖМ азаматтарды келесі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауға шақырады:

  • мүмкіндігінше мұржаларды тазалап тұру;
  • зақымдалған немесе ақаулы электр құрылғыларын пайдаланбау;
  • пештерді шамадан тыс қыздырып жақпау;
  • балалардың ашық отпен ойнауына жол бермеу;
  • кішкентай балаларды үйде үлкендердің қарауынсыз қалдырмау;
  • газды тұрмыста пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.

Қазіргі уақытта Алматыны 20 өрт сөндіру бөлімшесі тілсіз жаудан қорғайды. Өрт қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін 15 өрт депосы салуынуы қажет. Осы орайда Алматы қаласын дамытудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша биылғы жылы мегаполистің Түрксіб (Шығыс қақпасы ш/а), Наурызбай (Шұғыла ы/а, Қарағайлы ы/а.) аудандарында тағы 3 өрт сөндіру депосын салу жоспарланып отыр.

Серіктестер жаңалықтары