Оралда жасөспірімнің соққыға жығылу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: Elements.envato.com
Фото: Elements.envato.com
Ата-аналар жауапқа тартылды.

Орал қаласында жасөспірімнің соққыға жығылғаны туралы бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Видеода екі жасөспірімнің үшінші бір баланы ұрып жатқан сәті анық көрінеді.

Аталған бейнежазбаға байланысты Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің мәліметінше, Орал қаласы полиция басқармасының Абай полиция бөлімінің қызметкерлері тексеру жүргізген. Тексеру барысында оқиғаның 2025 жылғы қазан айында болғаны анықталды. Алайда бұл дерек бойынша полицияға ешқандай арыз-шағым түспеген.

Полицияның хабарлауынша, оқиғаға қатысқан барлық жасөспірімдердің жеке басы анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілді.

"Кәмелетке толмағандар жасаған бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сонымен қатар жасөспірімдердің ата-аналары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Балаларды тәрбиелеу және білім беру жөніндегі міндеттерін орындамау фактісі бойынша да материалдар жинақталды. Барлық материалдар кәмелетке толмағандар істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның қарауына жолданды. Бұдан бөлек, кәмелетке толмағандар жасаған құқыққа қайшы әрекет туралы тиісті органдарға хабарламағаны үшін қалалық білім беру бөліміне қатысты ұйғарым шығарылды. Қазіргі уақытта жәбірленуші жасөспірімге психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. Онымен психологиялық қолдау орталығының мамандары жұмыс істеп жатыр", – делінген хабарламада.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Тергеу барысы БҚО полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Серіктестер жаңалықтары