Тікелей эфир

Онлайн-мамандықтар ауыл жастарын жұмыссыздықтан құтқара ала ма?

Ауыл жастары үшін мұндай мамандық тегін үйретіліп жатыр.

Атырау облысы Жылыой ауданының жастары үшін "Жаңаша" қоғамдық қоры "Теңізшевройл" компаниясының демеушілігімен онлайн-мамандықтарды тегін машықтандырып жатыр. Бұл туралы компанияның баспасөз қызметі хабарлады.

Қор басшысы Алтынай Серікбайдың айтуынша, ауыл жастары осы мамандықтарды меңгерген соң қашықтан қызмет көрсете алады.

"Ауыл жастарына SMM, копирайтинг, таргетинг, веб-дизайн сияқты онлайн-бизнестің инструменттерін меңгертсек, олар өз ауылында отырып-ақ, тапсырыс берушіге қашықтан  қызмет көрсетеді. Курсқа қатысушылар кейін өздері де онлайн кәсіп ашып, табыс таба алады. Қазір инфобизнестің заманы ғой. Бүгінде осындай бағыттағы курстар өте көп. Әйтсе де, оған кемі 100 мың төңірегінде қаражат қажет. Ауыл жастары үшін бұл аз ақша емес. Біз сол үшін "Шектелме" деп аталатын жоба жасадық", – дейді қор басшысы Алтынай Серікбай.


Оқи отырыңыз: Күтуші, курьер, промоутер. Жасөспірімдер жазда жұмыс істегені үшін қанша жалақы алады?


Сәуірде тұсауы кесілген жобада 50-ге жуық жасқа сертификат берілген. Сабақтар ауылдық округтерде кезең-кезеңімен өткізіліп жатыр. Әлеуметтік жобаны ұйымдастырушылар қазан айына дейін 200-ден астам тұрғынға онлайнда табыс табудың жолын меңгертуді жоспарлап отыр.

"Тұрғызба ауылындағы сабақтарымызға таргетинг бағыты бойынша қатысқан Қарашаш Уәли есімді 16 жастағы оқушымыз бір күнде 60 мың теңге тапқан. Эльвира Жұмағұлова есімді шәкіртіміз  ұялы телефон сататын дүкендер желісіне СММ маманы болып жұмысқа тұрды. Эксперттік парақшаларын дамытып, табысын еселеп жатқандар қаншама? Осынау ниетімізге қолдау білдірген демеуші компанияға риазашылығымыз шексіз", – дейді Алтынай Серікбай.

Серіктестер жаңалықтары