Тікелей эфир

"Аспаздар жұмыс істеуден бас тартып отыр". Павлодарда ауруханада жатқан науқастарды тамақтандыру тоқтатылуы мүмкін

Қазір облыс ауруханаларында 2,5 мыңға жуық адам емделіп жатыр.

Павлодардағы медициналық мекемелерде жатқан науқастарды тамақтандыру тоқтатылуы мүмкін. Асхананы жалға алған кәсіпкердің айтуынша, мекеме шығынға белшесінен батқан, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Кәсіпкер Арман Мұстақовтың компаниясы Павлодар облысындағы 10 медициналық мекеменің асханасын жалға алған. Денсаулық сақтау басқармасымен бес жылға келісімшарт жасапты. Осы бойынша нысанға күрделі жөндеу жүргізіп, қажетті құрал-жабдықтармен жасақтаған. Оған 270 миллион теңгеден астам қаржы салған. 2019 жылы бір науқастың тамағы үшін 500 теңге деп бекітілген тариф 3 жыл ішінде 1100 теңгеге көтерілген екен. Кәсіпкер бұл елдегі ең төменгі көрсеткіш екенін айтты.

"Бір науқастың күнделікті тамақтануы 1100 теңгені құрайды. Осының ішіне 4-5 реттік тамақ кіреді. Сонымен қатар, коммуналдық қызметтер, түрлі салықтар, осы ақшаға азық-түлікті де сатып аламыз және жұмысшылардың еңбекақысы бар. Қазір елімізде бағасы қымбаттамаған зат жоқ. Осыны ескеріп, тарифті өсіруді сұрап бармаған жеріміз жоқ. Онымен қоса, ас әзірлейтін жүзден астам қызметкерім жұмыс істеуден бас тартып отыр. Бәрінің талабы бір: еңбекақының көтерілуі", – деді кәсіпкер Арман Мұстақов.

Мұны аспаздардың өздері де растайды.

"2019 жылдан бастап осында жұмыс істеймін. Осы күнге дейін жалақымызды көтерген жоқ. Қазір азық-түлік, коммуналдық қызмет бағасы көтеріліп жатыр. Осындай жалақыға өмір сүру өте қиын. Адамдар осы жұмысқа тұрмайды. Осындай жалақыға жұмыс істегілері келмейді", – деді аспаз Райгүл Шақарова.


Оқи отырыңыз: Түркістан облысында тамақтану қызметтерінің бағасы 37% қымбаттады


Денсаулық сақтау басқармасы бұл мәселемен жақсы таныс. Бірақ, қаржы көлемін ұлғайту жағы әзірге қарастырылып жатпағанын айтты.. Себебі, заң жүзінде тариф бағасын жыл сайын тек 4 пайызға көтеруге қауқарлы екен.

"Биыл кейбір медициналық мекемелер тариф бағасын 3,5 пайызға көтерді. Жыл сайынғы өсімді қоса алғанда 7,5 пайызды құрайды. Келісімшарт бойынша инфляцияның өсуін ескере отырып, кәсіпкер барлық шығынды өз мойнына алуы қажет. Құжатта осылай деп жазылған. Ол жұмысын тоқтатқан жағдайда мәселе сот арқылы шешіледі", – деді Павлодар облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Раушангүл Кенжетаева.

Серіктестер жаңалықтары