Италияда өткен қысқы Олимпиаданың чемпионы Михаил Шайдоровқа ел спортын әлемдік деңгейде дамытуға қосқан үлесі үшін Arilan Energy экологиялық компаниясы су жаңа электр көлігін тарту етті. Бұған дейін оған белгілі әнші Димаш Құдайберген көлік сыйлаған болатын.
"Біз Қазақстанды халықаралық аренада ең жоғары деңгейде таныстырып жүрген спортшыға шын жүректен қолдау көрсетуді дұрыс деп таптық. Бұл сыйлық ең алдымен біздің зарядтау станцияларымызды пайдаланатын клиенттеріміздің арқасы. Бүгінгі таңда Arilan Energy өңірдегі ең ірі зарядтау станциялары желісіне ие компания ретінде Алматының түтінсіз, тұрақты әрі таза болашағын қалыптастыру күн тәртібін ілгерілетіп келеді", – деді компанияның атқарушы директоры Алексей Сосновский.
Оның сөзінше, Михаил Шайдоровтың халықаралық спорт аренасындағы жетістіктері Қазақстанның оң имиджін нығайтуға ықпал етіп, жас ұрпаққа шабыт беретін үлгі болып отыр.
Олимпиада чемпионы компанияға сыйлық үшін алғыс білдіріп, экологиялық таза көлікті дамыту қазіргі заманғы қалалардың болашағының маңызды бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті.
"Осындай сыйлық үшін және экологиялық бастаманың бір бөлігі болу мүмкіндігі үшін алғыс айтамын. Мен әлемді көп аралаймын және әртүрлі елдерде электромобильдерге арналған инфрақұрылымның қалай дамығанын көремін. Әсіресе бізде зарядтау станцияларының саны көптеген елдерден де көп екенін айту қуантады. Алматының да бұл бағытта белсенді дамып келе жатқаны қуантады: жылдам зарядтау станциялары пайда болып жатыр, барған сайын көбірек адам электромобильдерге ауысып, қаланы экологиялық әрі заманауи етуде", – деді ол.
USD:
491.5 / 494.3
EUR:
568.0 / 573.0
RUB:
6.17 / 6.29


Пікірлер
Әзірге пікірлер жоқ…