Тікелей эфир

Оқу министрлігі мен кәсіпкерлер арасындағы дау: Мектеп асханасындағы бағаны кім реттеуі керек?

Жаңа жоба бойынша, баға саясатын белгілеуде ата-аналардың талабы ескерілуі тиіс.

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мектеп асханасындағы бағаның дүкендердегі орташа бағадан әлдеқайда жоғары екенін айтып, бұл мәселені заң жүзінде шешуді ұсынған болатын. Алайда бұл бастамаға кәсіпкерлер тарапынан қарсылық туып отыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Қоғамдық тамақтану қауымдастығының өкілдері айтқан уәж бойынша, мектеп оқушыларына арналған ас мәзірінің қымбаттауына нарықтағы азық-түлік бағасының күрт көтерілуі тікелей ықпал етіп отыр. Ал мемлекет тарапынан субсидия түрінде бөлінетін қаражат тек азық-түлік сатып алуға жеткілікті. Одан бөлек, кәсіпкер асхананы жалдауға, коммуналдық төлемдерге, қызметкерлер жалақысы мен өзге шығындарға жұмсалатын қаражатты өз қалтасынан шығаруы керек.

"Асханадағы бағалар азық-түлік бағасымен тікелей байланысты. Кәсіпкерлер өздері қалаған бағаны қоя алмайды. Сондықтан бағаны конкурстан ұтқан кәсіпкерлердің өздері реттеп отырғаны жөн", – дейді Қоғамдық тамақтану қауымдастығы төрағасының кеңесшісі Вероника Нұрпейісова.


Оқи отырыңыз: 0,5 литр су – 300 теңге. Білім министрі мектеп асханаларындағы бағаны сынға алды


Дегенмен, Асхат Аймағамбетовтың бастамасын ата-аналар қуаттап отыр. Әсіресе, көпбалалы отбасылар асханадағы тамақ пен су бағасының қалтаға ауыр салмақ салатынын айтады. Соған орай, Оқу-ағарту министрлігі мектеп асханаларын жалға беру туралы байқау өткізерде енді ата-аналардың талабы ескерілуі тиіс деген ұстанымды алға тартып отыр. Сәйкесінше, баға ата-ана талабына сәйкес белгіленуі тиіс.

"Балалардың да, кәсіпкерлердің құқығы да бұзылмауы үшін біз ұсынып отырған жоба бойынша, конкурстық рәсімді өткізбес бұрын баға өңірдегі статистикалық көрсеткіштер мен мемлекеттік сатып алу порталындағы орташа баға ескеріле отырып белгіленеді", – деп түсіндірді Оқу-ағарту министрлігіне қарасты Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев.


Оқи отырыңыз: "Дүкендегіден әлдеқайда қымбат". Білім министрі мектеп асханасына қатысты 4 мәселені атады


Бұл ретте кәсіпкермен жасалатын келісімшартта бір жыл ішінде азық-түлік бағасының қымбаттауы тәуекелі де ескерілмек. Бұл өзгерістер 2023 жылдан бастап енгізіледі деп жоспарланып отыр.

Серіктестер жаңалықтары