Тікелей эфир

0,5 литр су – 300 теңге. Білім министрі мектеп асханаларындағы бағаны сынға алды

Асхат Аймағамбетов асхана тағамдарының бағасын заң жүзінде реттеуді тапсырды.

Мектептерде буфеттегі тағамдар мен сусындардың бағасы әртүрлі және дүкеннен бірнеше есе қымбат. Ал МЖС конкурстан өтпеудің бір тетігіне айналған. Осы мәселелерге қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу қажет, деп мәлімдеді білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов. 

"Алдында біраз мектепке барып қарадым. Сол кезде буфетте тағам мен сусын бағасының әр мектепте әртүрлі екенін байқадым. Жарты литр суды 300 теңгеге қойып қойған. Бәліштің бағасы да әртүрлі және удай қымбат. Бізде осы мектеп асханалары бойынша құзіреттілік бар. Аталған мәселеге қатысты тапсырма бергенмін. Мәселені қашан шешесіздер?" – деп сұрады Асхат Аймағамбетов. 

Жамбыл облысы білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов өңірде аталған мәселеге қатысты тексеріс жүргізетінін мәлімдеді. 


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: Директордың бір мектепте 15 жыл басшылық етуі оқыту тиімділігіне әсер етпей қоймайды


"Тамақтану мәселесі бойынша бұйрыққа жедел түрде өзгеріс енгізіп жатырмыз. Мектеп аясында ғана емес, интернаттық мекемелердің барлығын жоспарлы тексерістен өткіземіз. Бүгін өзіңіз берген тапсырма бойынша науқан жариялаймыз. Осы тоқсанның соңына дейін өткізіп, 1 қыркүйекке дейін ахуалдың барлығын жоямыз", – деп сендірді Бейқұт Жамангөзов. 

Министр өз кезегінде жоспарлы тексерістен, заңнамаға өзгеріс енгізудің маңыздылығына тоқталды. 

"Бұл мәселені жүйелі шешу деген – тексеріс жүргізу емес, заңнамаға өзгеріс енгізу мәселесі. Заңнамаға сәйкес, буфетте сатылатын су, тағамдардың бір орташа бағасы болып, жалға алушылар бір деңгейде болатындай ету керек. Дүкенге барсаң бір баға, ал мектеп асханасында бағаны бірнеше есе өсіріп қойған. Бұған жол бермеуіміз керек. МЖС деген мәселе қаптап кетті. Ол конкурс арқылы өтпеудің бір тетігі болған сияқты. МЖС-тің де белгілі бір шарттары болуы тиіс", – деп қосты министр. 


Оқи отырыңыз: Білім министрі: "Аналар үйінің" арқасында 11 жыл ішінде 121 жетімдер үйі жабылды


 

 

Серіктестер жаңалықтары