Нобель лауреаты Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" марафонының қатысушыларына үндеу жолдады

Нобель лауреаты Мо Янь. Фото: Depositphotos.com
Нобель лауреаты Мо Янь. Фото: Depositphotos.com
Жазушының "Сарымсақ жыры" кітабы қазақ тіліне аударылып, марафон аясында оқылатын шығармалар тізіміне енді.

Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты, белгілі қытай жазушысы Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" республикалық кітап оқу марафонына қатысушыларына үндеу жолдап, қазақстандық оқырмандарға шабыт, табыс және әдебиет әлемінде жаңа жаңалықтар ашуды тіледі. Өзінің бейнеүндеуінде жазушы "Сарымсақ жыры" кітабы қазақ тіліне аударылып, марафон аясында оқылатын шығармалар тізіміне енгенін атап өтті. 

"Менің "Сарымсақ жыры" романымның қазақ тіліне аударылып, осы марафон шығармалар тізіміне енгеніне өте қуаныштымын", – деді Мо Янь.

Жазушы сондай-ақ Қазақстанға жасаған сапары мен қазақстандық қаламгерлермен кездесулері туралы айтты. Ол қазақ әдебиетімен танысу екі елдің әдеби дәстүрлері арасында ерекше жақындық бар екенін сезінуге мүмкіндік бергенін атап өтті.

"Қазақ әдебиеті маған өте жақын әрі қымбат. Өйткені сіздердің шығармаларыңызда суреттелетін өмірдің көп қыры өзімнің басымнан өткерген жағдайлармен үндеседі", – деді жазушы.

Мо Янь "Кітап оқитын ұлт" бастамасының мәдениет пен қоғамды дамытудағы маңызын да ерекше атап өтті. Оның сөзінше, мұндай марафон ұлттық мәдениетті дамытуға ықпал етіп қана қоймай, қоғамның дамуына да елеулі үлес қосады.

Марафонға қатысушыларға арнаған сөзінде жазушы оларға кітап әлеміне сапар барысында шабыт тіледі:

"Кітап әлеміне саяхат жасап, білім мен даналықтың биігіне ұмтылған әрбір қатысушыға зор шабыт тілеймін! Әрбір парақ жүректеріңізге жарық сыйлап, ішкі жан дүниелеріңізді байыта берсін. Кітап әрдайым қолдарыңыздан түспесін, ал білімге ұмтылыстарыңыз бен өзін-өзі дамыту жолындағы талпыныстарыңыз әрдайым жетістікпен жалғаса берсін".

Сөз соңында Мо Янь қазақстандық оқырмандарға алғысын білдіріп, оларды бірге жаңа әдеби көкжиектерді ашуға шақырды.

Мо Янь – әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты. Ол 2012 жылы әдебиет бойынша Нобель сыйлығына ие болды. Жазушының ең танымал шығармаларының қатарында "Қызыл гаолян" және "Сарымсақ жыры" романдары бар. Нобель комитетінің мәліметінше, оның шығармашылығында дәстүрлі қытай әдебиеті мен ауыз әдебиеті дәстүрлерінің элементтері заманауи әлеуметтік тақырыптармен ұштасады.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау