Мүліктен кепілді алып тастаудың автоматтандырылған процесі әзірге барлық банктерде жұмыс істемейді, деп хабарлады «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Informburo.kz сауалына берген жауабында.
2022 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Blockchain технологиясын қолдана отырып, мүліктен кепілді алып тастаудың автоматтандырылған процесін енгізді. Рәсім онлайн режимінде жүзеге асырылады және екі сағаттан аспайды. Бұған дейін бұл қызмет халыққа қызмет көрсету орталықтарында тек офлайн режимінде ғана көрсетілетін. Клиент алдымен банктен анықтамалар алып, кейін халыққа қызмет көрсету орталықтарына хабарласқан. Қызмет үш жұмыс күнін алатын болған.
Дегенмен, қазірдің өзінде көптеген қазақстандықтар кепілді алып тастау процесі көп уақытты алатынын және ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына тікелей хабарласу керектігін айтып шағымдануда.
Оқи отырыңыз: "Наурыз" ипотекасын алу үшін шотта кемі 1 млн теңге болуы керек. Оның "Отаудан" өзге айырмасы қандай
«Азаматтарға арналған үкіметте» түсіндірілгендей, мүліктен кепілді алып тастау тек төрт банкте онлайн режимінде жүзеге асырылады: «Отбасы Банкі» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ, «Қазақстан Халық Банкі» АҚ және «Bank Freedom Finance Kazakhstan» АҚ. Тағы екінші деңгейлі 4 банкпен сынақ жұмыстары жүргізілуде.
«Мемлекеттік корпорация тарапынан мүлікті кепілден шығару процесі автоматтандырылған. Барлық қарыз алушыларды қамтуды кеңейту үшін жүйеге барлық екінші деңгейлі банктерді жедел қосу қажет», – деп атап өтті «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ баспасөз қызметінде.