Meta компаниясы Франция мен АҚШ-ты жалғайтын Petal суасты кабелін салатынын жариялады. Компанияның мәліметінше, бұл Атлант мұхиты арқылы өтетін әлемдегі алғашқы петабиттік өткізу қабілеті бар және көпядролы талшық технологиясы ауқымды түрде қолданылатын суасты кабелі болады. Бұл туралы engineering.fb.com жазды.
Petal кабелінің ұзындығы шамамен 7 мың шақырым. Оның өткізу қабілеті секундына 1 петабитке (1 Пбит/с) немесе 1000 терабитке жетеді. Бұл қазіргі таңда осындай қашықтықта жұмыс істеп тұрған ең озық суасты кабельдерінің мүмкіндігін шамамен екі есеге арттырады.
Компанияның есептеуінше, мұндай өткізу қабілеті әлем халқының шамамен 75 пайызына бір уақытта музыка тыңдауға қажетті желілік ресурсты қамтамасыз етуге жеткілікті.
Petal жобасын Meta NEC және Sumitomo Electric Industries компанияларымен бірлесіп жүзеге асырады. Франция жағалауындағы кабельді қондыру жұмыстарына Orange компаниясы қолдау көрсетеді. Жоба 2029 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Meta мәліметінше, Petal жобасында 24 жұп талшықтан тұратын жүйеде екі ядролы оптикалық талшық технологиясы қолданылады. Бұл дәстүрлі шешімдегі 24 жұпты 48 жұпқа дейін арттырғанмен тең нәтиже береді.
Суасты байланыс кабельдері интернет инфрақұрылымының маңызды бөлігі саналады. Халықаралық деректер трафигінің шамамен 99%-ы құрлықаралық байланыстар кезінде мұхит түбіндегі талшықты-оптикалық кабельдер арқылы өтеді. Соңғы жылдары кабельдердің өткізу қабілетін арттыру үшін талшық жұптарының санын көбейту, оптикалық өткізу жолағын кеңейту және кеңістіктік бөлу арқылы мультиплекстеу сияқты технологиялар қолданылып келеді.
Petal жобасында екі ядролы талшықты қолдану арқылы өткізу қабілетін тағы екі есеге арттыру көзделіп отыр. Компания мұны қайталайтын құрылғылары (repeater) бар суасты кабельдері тарихындағы өткізу қабілетінің ең ірі технологиялық өсімі деп сипаттады.
Meta Petal арқылы көпядролы талшық технологиясын тәжірибелік деңгейден ауқымды коммерциялық қолдануға шығаруды көздейді. Компанияның пікірінше, бұл тәсіл болашақта суасты байланыс инфрақұрылымының жаңа стандартына айналуы мүмкін.
Балаларды әлеуметтік желіден қорғау: депутат Үкіметке төрт ұсыныс жолдады
Балалардың әлеуметтік желіге тіркелуіне тыйым салу. Шетел тәжірибесі мен сарапшылар пікірі