Тікелей эфир

"Мерейлі отбасы", "Шаңырақ" және "Әже мен немере": Павлодар облысы отбасы институтын қалай нығайтып жатыр?

Серуендеп жүрген отбасы \ Фото: Informburo.kz
Серуендеп жүрген отбасы \ Фото: Informburo.kz
Басқарма өкілі жыл сайын ұлттық тіл мен мәдениетті насихаттауға бағытталған жарыстар мен іс-шаралар туралы айтып берді.

Павлодар облысы Ақпарат және қоғамдық даму басқармасының үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Темірлан Сәкенов аймақта отбасылық инстиутты нығайтып, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне оң әсер беретін қандай шаралар ұйымдастырылып жатқанын айтып берді.

"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсы шеңберінде сайысқа облыста 124 отбасы қатысып, олардың 26-сы конкурстың  облыстық кезеңіне өтті. Олардың ішінде еңбек әулеттері, ГРЭС, медицина, білім беру  салаларының қызметкерлері бар. Облыстық комиссияның шешімімен Ақтоғай ауданының Теміровтер отбасы облыстық кезеңнің жеңімпазы атанды. Осы бағыттағы жұмыс жалғастырылатын болады. Ағымдағы жылғы қыркүйек айында барлық уақыттың және түрлі этностардың танымал әндері орындалған "Кешкі Vibe",  Ассамблея жастарының Жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірлескен "ЭТНО&History" квест ойыны, "Келіні жақсы үйдің, керегесі алтын" атты келіндер сайысы өтті", – деді Темірлан Сәкенов. 

Ары қарай басқарма өкілі ұлттық  құндылықтарды насихаттау мақсатында өскелең ұрпақты да тарту арқылы жүйелі жұмыс жүргізілетінін алға тартты. 


Оқи отырыңыз: Ұлттық өнерді дәріптеп жүрген шымкенттік Бейісбековтер әулеті "Мерейлі отбасы – 2023" ұлттық байқауының лауреаты атанды


"Осы  бағытта өңіріміздің 13 жастар ресурстық  орталығы белсенді  қатысты. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасымен "Қазіргі заман талаптарына сәйкес көшпелі қазақ халқының тарихи құндылықтарын жастар арасында насихаттау жөніндегі шаралар кешенін ұйымдастыру", "Жастар қоғамында патриоттық тәрбие қалыптастыру" бағыттары іске асырылуда. 2024 жылдың 14 тамызында Қ.И. Сәтбаевтың 125 жылдығы аясында "Ұлылар жолы" көшпелі экскурсиясы ұйымдастырылып, оған "Жас ұрпақ" КМҚК жастары қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты қатысушыларды атақты ғалымның өмірімен және еңбектерімен таныстыру болды. Іс-шара бағдарламасында Маралды шатқалына бару ұйымдастырылды, онда мерейтойға орай республиканың түкпір-түкпірінен келген қонақтардың қатысуымен мереке өтті", – деп қосты маман. 

Ұрпақтар арасындағы отбасылық байланыстарды нығайту, сондай-ақ бірлескен шығармашылық арқылы дәстүр мен мәдениетті қолдау  мақсатында Отбасы күнін мерекелеу қарсаңында "Әжесі мен немересі" облыстық конкурсы өткен. Конкурсқа өңірдің қалалары мен аудандарынан 13 жұп қатысты, олардың құрамына әжесі мен немересі кірді.

"Жастарды мәдени ағарту мақсатында, сондай-ақ көркем мәдениет пен өнерді зерделеуге тарту, өскелең ұрпақтың мәдени деңгейін арттыру мақсатында креативті жастармен жұмыс жөнінде "Ulagatty urpaq" жобасы шеңберінде Павлодар қаласының мұражайларына экскурсиялар ұйымдастырылды. Наурыз мерекесі қарсаңында "Qui alany" ауқымды флешмобы ұйымдастырылды. Бұл іс-шараның мақсаты-дәстүрлі өнерімізді жастар арасында насихаттау. Флешмобқа өңіріміздің жас әртістері, оның ішінде Құрманғазы атындағы музыка мектебінің оқушылары, музыка колледжінің студенттері және ЖОМ басқа да оқушылары жиналған. Сондай-ақ, 2024 жылдың 21 наурызында Орталық "Batyr Mall" СОО аумағында "Nauryz Vibe" мерекелік концертін ұйымдастырды. Концерттің негізгі мақсаттарының бірі-бұл мерекені тойлайтын халықтардың мәдени мұраларын сақтау және насихаттау. Концерт дәстүрлі әндерді, билерді, музыкалық аспаптарда орындауларды көрсетуге арналған алаң болды", – деді Темірлан Жасұланұлы. 


Оқи отырыңыз: "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына 2700-ден астам өтінім қабылданды


Патриоттық тәрбиені дамыту мақсатында есте қаларалық даталар аясында осы бағытта бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылған: "Ел рәміздері – жастар мақтанышы" фоточеленджі, "Рәміздерім мақтанышым" эссе байқауы, "Садақ ату – мергендік өнер", сауалнама "Патриот келбеті".

Жастарға ұлттық дәстүр мен руханияттың ерекше атмосферасын қалыптастыру, қазақ халқының мәдениетін, салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін дәріптеу мақсатында "Qazaq party" атты тақырыптық кештер, сондай-ақ "Наурызияда" ұлттық ойындарынан жарыстар ұйымдастырылды: арқан тартыс, қол күрес, тоғыз құмалақ, асық ату, оқтау тарту жарыстар өткізілген.

Бұған қоса, облыс орталығы – Павлодар қаласының тұрғындары мен қонақтары арасында қазақ халқының рухани құндылықтарын кең тарату және таныстыру мақсатында С.Торайғыров атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында әр айдың 15 күні – Ұлттық күн деп белгіленді.

  • 15 ақпан – "Қазақ ұлттық киімі мен әшекей бұйымдары күні";
  • 14 наурыз – "Дәстүр – trend" салт-дәстурлер фестивалі;
  • 15 сәуір – "Қазақ ұлттық тағамдары күні";
  • 15 мамыр –  "Қазақ халық ертегілері күні";
  • 15 маусым – "Қазақ ұлттық жеті қазына күні";
  • 15 шілде – "Қазақ ұлттық ойындары күні";
  • 15 тамыз – "Қазақ ұлттық аспаптары күні";
  • 15 қыркүйек – "Қазақ тілі күні";
  • 15 қазан – "Қазақ ұлттық биі күні";
  • 15 желтоқсан – "Қазақ ұлттық ою-өрнегі күні".

"Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейімен "Ұршық FEST" облыстық қолөнер  фестивалі, "Шебердің қолы ортақ",  "Киелі кимешек" көрмесі және Бұхар жырау атындағы әдебиет және өнер музейімен – "Тақия сыйладың сен арнап  маған" тақия fest фестивалі ұйымдастырылды. Айтыс өнерін мәдениетіміздің баға жетпес мұрасы ретінде халыққа танытып, оның сапалы деңгейін өсіру, ұлы кемеңгердің көне күндерінің өшпес рухы таңбаланған, ғасырлар шегінен көктей өтіп, біздің заманымызға жеткен өшпес мәдени мұрасын кеңінен насихаттап, тарату мақсатында облыста жыл сайын айтыстар ұйымдастырылуда", – деді департамент өкілі. 


Оқи отырыңыз: Сыр елінде "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары марапатталды


Биыл 9 айтыс өткен, оның ішінде 1 халықаралық (Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығына арналған), 8 облыстық ақындар айтысы.

"Жыл сайын "Шаңырақ" облыстық халық шығармашылығы және мәдени-сауық қызметі орталығымен оқушылар арасында айтыстар ұйымдастырылады. 2024 жылғы 22 мамырда үш тілді жетік меңгерген жастар арасындағы "Тіл шебері" атты облыстық конкурсы ұйымдастырылды", – деп қосты Темірлан Сәкенов.

Конкурстың басты мақсаты – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін жетік меңгерген жастарды анықтау, қолдау көрсету, тіл мәдениетін көтеру, үштілділікті насихаттау. Конкурсқа облысымыздың өңірлерінен 21-35 жас аралығындағы үш тілді меңгерген жастар қатысты.

"Сонымен қатар, ағымдағы жылдың қыркүйек айында этнос өкілдерінің жастары арасында "Мемлекеттік тіл - тәуелсіздік символы", қазан айында "Жүзден жүйрік" облыстық конкурстар және "Толғауы тоқсан қызыл тіл" атты облыстық жас ақындар мүшәйрасы өткізіледі", – деп түсіндірді Темірлан Жасұланұлы. 
 

Серіктестер жаңалықтары