Тікелей эфир

Сыр елінде "Мерейлі отбасы" байқауының жеңімпаздары марапатталды

Қызылордада шаңырақтың шырайын кіргізіп, отбасылық құндылықтарды дәріптеген өнегелі жанұялар марапат биігінен көрінді.

"Мерейлі отбасы" ұлттық байқауына қатысқан үлгілі отбасылардың қатары тағы да толықты. Бүгін "Достық" үйінде ұлттық байқаудың облыстық жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті. 

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жеңімпаздарды құттықтап, елімізде отбасы институты әрқашан ерекше құрмет пен қолдауға ие болатынын жеткізіп, шаңырақтың түтінін түзу шығарып, отбасына береке сыйлаған жанұяларға құрмет көрсетті.

"Әуелден отбасы құндылығына аса мән берген қазақ үшін шаңырақ, Отан – ең киелі, құдіретті ұғым. Ал отбасы – мемлекеттің іргетасы. Отбасының берік байламы – әрбір елдің дамуы мен келешегінің өлшемі. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: "Халқымыз қай заманда отбасы дәстүрін берік ұстанып, қадірлей білген. "Үлкенге құрмет, кішіге ізет" біздің қанымызға сіңген қасиет. Әрбір азаматтың адамгершілік болмысын қалыптасуына отбасындағы ахуал айрықша әсер етеді. Сондықтан мемлекет әр шаңырақтың әл-ауқатын арттырып, әр азаматтың өсіп өркендеуі үшін барлық жағдайды жасайды" деген болатын. Бүгінде облысымызда отбасыларға қамқорлық пен көмек үздіксіз көрсетіліп келеді. Ана мен баланы қорғауға арналған қаржы, көпбалалы отбасыларына берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі таңда облысымызда 17 мыңға жуық "Алтын алқа" мен "Күміс алқа" иелері және 34 мыңға жуық көп балалы отбасы бар. Ай сайын 2 млрд 484 млн теңгеге мемлекеттік жәрдемақы төленіп жатыр", – деді аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев.

"Мерейлі отбасы" ұлттық конкурсының облыстық іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша шиелілік Асановтар мен қармақшылық Көбеевтер жүлделі ІІІ орынды, Қазалы ауданынан қатысқан Бөлебаевтар әулеті ІІ орынды иеленді. Сырдария ауданының Үмбетаевтар отбасы І орын иемденсе, қазалылық Смағұловтар отбасы бас жүлдеге лайық деп танылды.


Оқи отырыңыз: Оралхан Бөкейдің үйі музейге айналды


Байқауда жеңімпаз атанған отбасының мәуелі бәйтерегі Қабақ Смағұлұлы Ұлы Отан соғысының ардагері. Отан қорғау жолындағы ерліктері үшін түрлі деңгейдегі ордендермен наградталған. Соғыстан кейін 40 жыл есеп саласында еңбек еткен Қазалы ауданының құрметті азаматы. Бүгінде отбасында 10 бала, 22 немере, 32 шөбере, 2 шөпшегі тәрбиеленіп отыр. 

Облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы жеңімпаз атанған отбасыларға бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табыстады. Айта кетейік, биыл байқауға өңірімізден 304 отбасы өтінім білдірген.

Жалпы өтінім білдірген отбасылардың ішінен қала және аудан бойынша байқау ережесіне сәйкес келетін 16 отбасы іріктеліп, облыстық кезеңге өтті. Облыстық кезеңде комиссия мүшелері отбасы құндылықтарымен ерекшеленген 11 отбасыны іріктеп, оларға жүлделі орындар мен номинациялар тағайындады. Оның ішінде бас жүлдеге ие болған отбасының құжаттары ІІІ кезең, яғни республикалық кезеңге жолданатын болады.


Оқи отырыңыз: Светлана Айтбаева: Балаға тілге деген құрмет пен махаббат ана сүтімен дариды


 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары