USD: 487.7 / 490.5
  • EUR: 564.0 / 569.0
  • RUB: 6.55 / 6.69
Тікелей эфир
Алматы +25C
Все города

"Мен үшін ең бастысы – Алтынайымның бақытты болғаны!". Жәкішев желіде қызын сынағандарға жауап берді

Фото: facebook.com/MukhtarDzhakishev
Фото: facebook.com/MukhtarDzhakishev
Әлеуметтік желі қолданушыларының кейбірі бойжеткеннің шетелдік азаматқа тұрмысқа шыққанына наразылық білдірді.

Белгілі кәсіпкер, "Қазатомөнеркәсіптің" бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев кенже қызы Алтынайдың тұрмысқа шығуына байланысты жазба жариялап, қызының таңдауына қатысты айтылған хейтке жауап берді.

Бойжеткеннің таңдауы британиялық Карл Обиге түскен, ол – инвестициялық менеджер және Манчестер университетінің түлегі. Жәкішев әрбір әке үшін қыз ұзатудың орны бөлек, ерекше күн екенін атап өтті.

"5 маусым күні қызым Алтынайдың ұзату тойы өтті. Әрбір әке үшін орны бөлек, ерекше күн. Ұядан ұшқан кіп-кішкентай қызыңның есейіп, бойжеткенін және өмір жолын бірге жүріп өтететін серігін таңдағанын іштей мойындап, тебіренетін сәт. Мен Алтынай үшін шексіз бақыттымын. Бұл таңдау кездейсоқ немесе асығыс жасалған жоқ. Оның негізінде шынайы, пәк махаббат жатыр. Карл екеуі алты жылдан бері таныс. Осыдан екі жыл бұрын Карл Алматыға арнайы келіп, алдымнан өтті. Мен өз батамды бердім. Карл маған ұнайды. Оның азаматтық ұстанымы дұрыс, алдына қойған мақсаттары айқын әрі ауқымды. Оның еңбекқорлығына, біліміне және алған бетінен қайтпайтын қайсарлығына қарап, көздеген шыңдарын бағындыратынына кәміл сенемін. Бірақ мен үшін ең маңыздысы қызымды шын жүректен, терең әрі нәзік сезіммен сүйетіні", – деп жазды кәсіпкер.


Оқи отырыңыз: Михаил Шайдоров Мальдив аралдарына кімнің есебінен барған? Министр жауап берді


Жәкішев бұл тойдың өзі үшін мәні бөлек екенін қадап айтты.

"Мені тұтқындағанда Алтынай небәрі 9 жаста ғана еді. Бостандыққа шыққанымда ол жиырмаға толыпты. Ол менсіз есейді. Ол бала күнінде-ақ, мені жанұямыз арқылы көрсетілетін қысымнан құтқару үшін, туған үйін тастап жат жерге кетуге мәжбүр болды, бөтен елде өсті. Ата-анасының аялы алақаны мен мейіріміне бөленіп отырған баланың кенеттен үйінен жырақтап, жат тілде сөйлейтін бөтен адамдар оқитын мектеп-интернаттан бір-ақ шыққанын түсіну қиын. Бірақ ол сынбады, бәріне төтеп берді. Мектепті, артынша университетті бітірді. Кәсіби журналист, табысты модель ретінде тұлға болып қалыптасты. Әлемнің алпауыт компанияларының таңдауына айналып, жарнамаларынан көрінетін қызымның сүйікті дидарына қарап, жүрегім елжірейді, кеудемді мақтаныш кернейді. Қызымның жеткен жетістіктерін мақтан тұтамын. Менің қолдауым нағыз керек болған шақтарда жанында бола алмағаныма жаным ауырады. Алтынайды құттықтап, оның үйлену тойына орай ақ тілегін, адал ниетін білдірген барша жанға шын жүректен алғыс айтамын! Ал кейбір қисынсыз, орынсыз пікір жазып жатқандар тек аяныш пен жиіркеніш сезімін туғызады", – делінген жазбада.

2010 жылы Мұхтар Жәкішев ҚР Қылмыстық кодексінің екі бабы бойынша кінәлі деп танылды:

  1. 176-бап – "Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу";
  2. 311-бап – "Пара алу".

2012 жылы оған бөтен мүлікті иемдену, алаяқтық, құжаттарды қолдан жасау және лауазымдық өкілеттіліктерін асыра пайдалану айыптары бойынша тағы бір үкім шықты. Соңғы шешіммен ол 14 жылға бас бостандығынан айырылды.


Оқи отырыңыз: "Балабақша тәрбиешілері контент түсіруге мәжбүр". Баланың бейнесін әлеуметтік желіге жариялау қаншалықты заңды


Мұхтар Жәкішев мерзімінен бұрын шартты түрде босап шығуға үш рет өтініш берді. Алғашқы екі өтінішін сот қанағаттандырмады. 2020 жылғы 3 наурызда Семей соты Жәкішевтің өтінішін қабылдады. Ол жалпы есеппен түрмеде 10 жыл 10 ай отырды. Жәкішев Алтынайдың таңдауына қатысты айтылған "кейбір жөнсіз пікірлерді" де тілге тиек етіп, ондай сөздерді жазған адамдарға тек аяушылықпен және жиіркенішпен қарайтынын жеткізді.

"Нағыз намыс күйеу баланың ұлтымен өлшенбейді. Намыс дегеніміз сол намыс үшін тым жоғары баға төлеуге тура келгенде, адамдық арың мен абыройыңды таза сақтап қала алуыңмен өлшенеді! Ұлттың жаманы болмайды. Жаман адамдар болады. Қалған дүниенің бәрі осы қарапайым қағиданың салдары ғана. Ар-ұжданын мансапқа айырбастап, маған қарсы істі қолдан құрастырған тергеушілердің, прокурорлар мен судьялардың ішінде бірде-бір шетелдік болған жоқ. Мені сондай "құдалардан" сақтаған Жаратқанға мың шүкір. Маған өз құдаларым ұнайды. Олардың әулеті Ұлыбританияда тұрып жатқанына жетпіс жылдан асса да, өз тамырларын ұмытпаған. Тойға олардың көбі өзінің ұлттық киімдерін киіп келіп, өз тегіне деген құрметін ерекше көрсетті. Карлдың әкесі Генри маған өте қатты ұнады. Екеуміз қатарласпыз, онымен әлемдік экономикалық үрдістер туралы пікір алмасып, тамаша әсер алдым. Генридің мамандығы инвестициялық банкир, Карлдың бойындағы көптеген жақсы қасиеттердің әкесінен дарығанын анық байқадым. Карлдың отбасы мен туған-туыстарының қызыма деген ыстық ықыласына, құрметі мен махаббатына ризамын. Өйткені мен үшін ең бастысы – қызымның бақытты болғаны! Мен өз балаларымның таңдауын әрдайым құрметтеймін және оларды әрқашан қолдаймын. Олар талай сынақтан өтті. Бірақ қиындыққа мойымай, адам деген атқа лайық азамат болып өсті, мен ұстанатын өмірлік қағидаларды сақтай білді. Өмірлерің ұзақ, адал әрі бақытты болсын! Армандаған асқақ мұраттарыңның бәрі орындалсын! Және мына дүниені естен шығармаңдар: қандай жағдай болса да, әкелерің әрқашан сендермен бірге. Сендерді жақсы көремін. Әкелерің", – деді Жәкішев.

Ол Карлдың отбасы мен туған-туыстары қызына үлкен махаббатпен және құрметпен қарайтынын, өзі де балаларының таңдауын әрдайым сыйлап, қолдайтынын атап өтті.

Серіктестер жаңалықтары

Подтверждение Email

Для возможности отправлять комментарии и оформить подписку вам необходимо подтвердить ваш адрес электронной почты. Письмо с ссылкой для подтверждения было отправлено на . Пожалуйста, проверьте свою папку "Входящие" или "Спам".

Телефон нөмірін растау

Өтініш беру себебін сипаттаңыз