Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда мемлекеттік мектеп директорын тағайындау тәртібіне өзгерістер енгізуді жоспарлап отыр. Мектеп басшылары конкурс негізінде жұмысқа орналасып, міндетті сертификаттау мен әңгімелесуден өтеді. Бұл ретте сертификаттаудан өту үшін тест тапсырмаларының санын 50-ден 48-ге дейін қысқарту жоспарланған.
Сондай-ақ, келесі санаттарға жататын үміткерлер сертификаттаудан босатылады:
- Президенттік кадр резервіне кірген адамдар;
- Назарбаев Университетінің немесе "Болашақ" халықаралық стипендиясы бойынша оқудан өткен шетелдік жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының түлектері;
- Quacquarelli Symonds World University Rankings, Times Higher Education университеттерінің әлемдік рейтингтері бойынша әлемнің үздік 100 университетінде, әлемдік университеттердің Academic Ranking of World universities Шанхай рейтингінде оқыған түлектер.
Конкурс қорытындысы бойынша бірінші басшы лауазымға бес жыл мерзімге тағайындалады. Бірақ, бір мектепте бес жылдан екі мерзім қызмет атқарған басшы одан кейін қайта конкурсқа қатыса алмайды.
Оқи отырыңыз: Мектеп директоры қай жағдайда екі есе жалақы алады? Оқу-ағарту министрлігінің жауабы
Сондай-ақ, мемлекеттік мектептің бірінші басшыларының кадрлық резервін жасақтау да жоспарланып отыр. Оған үміткерлер бір жыл мүше бола алады.
Кадр резервіне іріктеуден өту үшін үміткер келесі талаптарға сай болуы қажет:
- ҚР азаматы;
- жас 50 жастан аспауы керек;
- жоғары педагогикалық немесе тиісті бейіні бойынша кәсіптік немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім;
- кемінде үш жыл педагогикалық жұмыс өтілі;
- педагог-сарапшыдан төмен емес біліктілік санаты немесе "үшінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "екінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "бірінші біліктілік санатты басшысының орынбасары" немесе "басшы-ұйымдастырушы" немесе "басшы-менеджер" немесе "басшы-көшбасшы" біліктілік санаты бар;
- соттылығы жоқ;
- медициналық қарсы көрсетілімдері жоқ, сондай-ақ психикалық, мінез-құлық, оның ішінде психоактивті заттарды қолдануына байланысты бұзылыстары (ауруларымен) жоқ, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін, халыққа наркологиялық көмек көрсететін ұйымдарда есепте тұрмауы керек.
Оқи отырыңыз: "Мектеп директоры жұмысқа алу үшін ақша сұрады". Мұндай жағдайда қайда хабарласуға болады?
"Үміткер магистр, PhD академиялық немесе ғылыми дәрежесі туралы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитеті ұсынған Scopus индекстейтін журналдарда жарияланымдары бар педагогика немесе бейіндік бағыт бойынша ғылым кандидаты ғылыми дәрежесі туралы, "Болашақ" бағдарламасының түлектері туралы қосымша ақпаратты болған жағдайда ұсынады", – делінген құжат жобасында.
Құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 19 шілдеге дейін.