Маңғыстау облысында суға кеткен әскери қызметшілерді іздестіру-құтқару операциясына 252 әскери қызметші мен қызметкер, 34 бірлік арнайы жерүсті техникасы, 37 әскери сүңгуір, 14 кеме мен катер, сондай-ақ 4 тікұшақты қоса алғанда, 20-дан астам әуе кемесі жұмылдырылды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігінің мәлімдемесінде айтылған.
Іздестіру-құтқару жұмыстарына оқиға орнында тікелей басшылықты Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов жүзеге асыруда. Жедел штабтың құрамына Қорғаныс министрлігінің, ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің, Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Маңғыстау облысының жергілікті атқарушы органдарының өкілдері кірді.
"Ведомстволардың күштері мен құралдарымен су айдыны, жағалау аймағы және оған іргелес аумақтар әуеден үздіксіз бақыланып, тексерілуде. Оқиға фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Арнайы комиссия оқиғаның барлық себептері мен мән-жайларын анықтау мақсатында тергеу іс-шараларын жүргізуде. Қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккен әскери қызметшілерге қажетті материалдық және психологиялық көмек көрсетіледі", – делінген ресми хабарламада.
Еске салайық, нақтыланған мәліметке сәйкес, оқу-жаттығу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюіне байланысты 17 адам суға кеткен. Оның 12-сі қаза тауып, үш әскери қызметші құтқарылды. Қалған екі әскери қызметшіні іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі — "Ауыр зардаптарға әкеп соққан қызметке салғырт қарау" және 465-бабы — "Кеме жүргізу қағидаларын бұзу" бойынша қылмыстық іс қозғалған.
Каспийдегі қасірет. Қаза тапқан әскери қызметшілердің есімі белгілі болды
"Мемлекет қаза тапқандардың отбасыларын жалғыз қалдырмайды". Бозымбаев мәлімдеме жасады