Қазақстанда жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға арналған "Жайлау"жеңілдетілген несие бағдарламасы іске қосылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлады.
Жаңа бағдарламаға кемінде 300 бас ірі қара немесе 1 мың бас ұсақ мал ұстайтын жаңа шаруашылықтар қатыса алады. Жоба өндірістік инфрақұрылымды дамытуға, мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
"Жайлау" бағдарламасының шарттары:
- жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 6%-дан аспайды;
- кредит беру мерзімі – 10 жылға дейін;
- қаржыландыру көлемі – ірі қара мал өсіру жобалары үшін 350 млн теңгеге дейін, ұсақ мал өсіру жобалары үшін 200 млн теңгеге дейін.
Сонымен қатар мемлекет қолдауындағы "Игілік", "Береке" бағдарламалары мен "Айналым қаражатын толықтыру" бағытының қолданылу аясы кеңейтілді. Бұған дейін негізінен ірі қара мал шаруашылығына бағытталған бағдарламалар енді қой, жылқы, түйе, ара, марал және шошқа шаруашылықтарын да қамтиды.
"Игілік" бағдарламасы аясында фермерлер 100 бастан кем емес импорттық ірі қара немесе 500 бастан кем емес импорттық ұсақ мал сатып алуға, сондай-ақ асыл тұқымды жылқы, түйе, марал, ара тұқымдары мен шошқа алуға жеңілдетілген несие рәсімдей алады. Несие мерзімі жеті жылға дейін, сыйақы мөлшерлемесі жылдық 6%-дан аспайды.
Ал "Береке" бағдарламасы 500 бастан жоғары импорттық ірі қара немесе 1000 бастан жоғары импорттық ұсақ мал сатып алатын шаруашылықтарға арналған. Бағдарлама бойынша да несие жеті жылға дейін және жылдық 6%-дан аспайтын мөлшерлемемен беріледі.
Қаржыландыру бағыты мен сатып алынатын мал түріне байланысты негізгі қарыз бен сыйақыны өтеу бойынша 12 айдан 30 айға дейінгі жеңілдік кезеңі қарастырылған.
Бұдан бөлек, шаруашылықтардың айналым қаражатын толықтыруға арналған қаржыландыру жем-шөп пен жемдік қоспаларды, жанар-жағармай материалдарын, ветеринариялық препараттарды сатып алуға, қызметкерлердің жалақысын төлеуге, сондай-ақ техника мен жабдықтарға қажетті қосалқы бөлшектер алуға бағытталады.
Бұл бағыт бойынша несие жылдық 5%-дан аспайтын мөлшерлемемен 12 айға дейін беріледі.
Бағдарламаларды қаржыландыруға өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар да тартылған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер толық ақпаратты "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ-ның облыстық филиалдарынан және өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардан ала алады.
Алматыда қолдан жасалған дәрілерді сатумен айналысқан топ әшкереленді
150-ден астам адамды алдаған туристік компанияға қатысты қылмыстық іс қозғалды