Дубай мен Мысырға арзан бағаға жолдама алған 150-ден астам қазақстандық сан соғып қалды. Олардың айтуынша, "MC Travel" туристік компаниясының қызметкерлері "тек жолақыны төлесеңіз жеткілікті, қалғаны өзімізден" деп әр адамнан ақша жинап алып, кейін хабарсыз кеткен. Бұл туралы 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық-сараптамалық бағдарламасы хабарлады.
Полицияға арыз жазғандардың арасында туристік компания қызметіне төрт жыл бұрын жүгінгендер де, екі апта бұрын ғана ақша аударғандар да бар. Олардың айтуынша, компания бір адамнан кемінде 300 мың теңге, кейбір клиенттерден 4 миллион теңгеден астам қаражат алған.
"Бір пакет алсаңыз 6 адам қыдыруға барасыздар деді. Сөйтіп мен құрбыларыма айттым. Біреуі қыздарымен барамыз деді. Ол кісілерден ақшасын алдым, тәтемнен ақша алдым, өз ақшамды салдым. Мамыр айында турды сатып алдық. Енді осы маусымда хабарлассам, жауап бермейді", – дейді жәбірленушілердің бірі Гүлназ Бабазова.
Шағымданушылардың сөзінше, компания қызметкерлері түрлі акциялар ұйымдастырып, "жолдама ұтып алдыңыз" деген сылтаумен сенімге кірген. Кейін тек ұшақ билетінің ақысын төлеуді сұраған.
"Қыстан бері істі болған бұлар. Неге бұларға алдын ала жауып, арест қоймаған. Бұлардың мүлкіне неге арест салмаған? Бұл жерде 3 адам бар. Бұл деген алаяқтық топ қой", – дейді жәбірленуші Сандуғаш Сырлыбаева.
Алматы қалалық полиция департаменті туристік компанияға қатысты алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Тергеу аясында компания басшысы мен оның екі көмекшісі ұсталған.
"Сот санкциясымен күдіктілерге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі уақытта тергеу жалғасып жатыр. Жәбірленушілер саны артып келеді", – деді Алматы қаласы полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция мәліметінше, туристік компанияға қатысты қылмыстық іс екі ай бұрын қозғалып, оның қызметі тоқтатылған. Алайда жәбірленушілердің айтуынша, компания бұдан кейін де клиенттерден ақша қабылдауды жалғастырған.
Қазір компания орналасқан кеңсенің есігі жабық. Ғимарат сыртында бұрынғы жарнамалары да жоқ. Оның қызметі толық тоқтады ма, әлде басқа мекенжайға көшті ме, әзірге белгісіз.