Депутат Жәмилә Нұрманбетова Мәжіліс отырысында айлық есептік көрсеткіш өлшемін қолданудан бас тартуды ұсынды.
"Тәуелсіздік қарсаңында енгізілген айлық есептік көрсеткішті әлі пайдаланып келеміз. Иә, бұл жоспарлауға ыңғайлы шығар. Бірақ, АЕК-тің экономикамен де, жалақымен де еш байланысы жоқ. Сондықтан алдағы уақытта әлеуметтік төлемдерді бір көрсеткіш: не ең төменгі күнкөріс деңгейі, не ең төменгі жалақы бойынша аудару керек деп санаймыз", – деді мәжілісмен.
Оқи отырыңыз: Атаулы әлеуметтік көмек тағайындау тәртібі 2025 жылдан бастап өзгереді
Сонымен қатар депутат әлеуметтік параметрлерді анықтау әдістерінің жоқ екенін де атап өтті.
"Осылайша, ең төменгі күнкөріс деңгейі шындықтан тағы да артта қалды. Биылғы жылдың 10 айында азық-түлік инфляциясы шамамен 20 пайызға жетті. Яғни, зейнетақы мен жәрдемақыны есептеу үшін белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері енді азаматтарды тиісті әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермейді. Сондықтан министрлікке (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі – ред.) ең төменгі күнкөріс деңгейін есептеу әдістемесін жетілдіру жұмыстарын бастауды қатаң ұсынамыз", – деді депутат.