Мексиканың Ұлттық автономиялық университетінде (UNAM) Қазақстан мәдениеті мен гуманитарлық әлеуетіне арналған арнайы академиялық бағдарлама өтті, деп хабарлады Dimashnews.com.
Латын Америкасындағы ең ірі жоғары оқу орнында ұйымдастырылған курсқа Қазақстан туралы тақырыптар енгізіліп, қатысушыларға еліміздің мәдени мұрасы мен заманауи даму ерекшеліктері таныстырылды.
Жобаның бастамашысы – әнші Димаш Құдайбергеннің Мексикадағы фан-клубы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл бастама Қазақстан мен Мексика арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған. Бұған дейін клуб өкілдері университет басшылығымен кездесіп, мәдени ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылаған.
Қазақстанға деген қызығушылық биыл сәуір айында өткен Наурыз мерекесіне арналған мәдени іс-шарадан кейін айтарлықтай артқан. Сол кезде университет қауымдастығы қазақстандық өнерпаздың жанкүйерлерінің қызметімен танысып, мәдени-гуманитарлық жобаларды қолдауға ниет білдірген.
Курс барысында қатысушылар Қазақстанның білім беру және дипломатия салалары арқылы қалыптасып отырған "жұмсақ күш" саясатын, сондай-ақ қазақ поэзиясы мен дала философиясының мәдени маңызын талқылады.
Димаш Құдайбергеннің жанкүйерлерінің пікірінше, бұл жоба Қазақстанның мәдени және гуманитарлық әлеуетін әлемге танытуға бағытталған бастамалардың заңды жалғасы болып табылады әрі халықаралық мәдени ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндік ашады.

