Наурызды 20 жылдан астам уақыт зерттеп келе жатқан мәдениеттанушы, этнограф Серік Ерғали мерекені тойлауға қатысты бірқатар ұсынысын айтты.
"Осы мәселені он жылдан бері айтып келе жатырмын. 23 наурызды 14 наурызға ауыстырып, мереке етіп бекіту қажет. Мүшелдік жыл басы деп мәртебе беру керек. Сонда ол дүниежүзіндегі ең ескі жаңа жыл болады", – деді ол.
Серік Ерғалидың айтуынша, қазір халық Наурыз мейрамын өзінің сипатына сәйкес мерекелеп жүрген жоқ.
"Бізде әлі күнге дейін Наурыздың ресми бейнесі, атрибуттары жоқ. 90-жылдары басталған этнографиялық сипат әлі күнге дейін жалғасып келе жатыр. Оның басты себебі – Наурыз мерекесі ғылыми тұрғыдан терең зерттелген жоқ. 2009 жылы бұл мейрамды тойлаудың жаңаша тұжырымдамасын жариялап, сол тұжырымдамамен Астана қаласында алғаш рет Ұлыстың ұлы күнін атап өткенбіз. Арада 15 жыл өтсе де, әлі ештеңе өзгермеді", – деді мәдениеттанушы.
Сондай-ақ, ол 23 наурыздың демалыс күніне айналғанына қатысты былайша пікір білдірді:
"Шыны керек, қазір Наурыз этнографиялық еске алу күніне айналып кетті. Сол күні музейдегі бүкіл экспонаттарды шығарамыз, баланы бесікке саламыз, тұсауын кесеміз. Былайша айтқанда, мерекеге қажеті жоқ дүниелерді жасаймыз. Оның үстіне 23 наурызды демалыс күні етіп қойдық. Алайда, бұл күннің Наурызға ешқандай қатысы жоқ".
Оқи отырыңыз: "Амалмен шатастырмау керек". Зейнеп Ахметова Наурыз мерекесі туралы
Естеріңізге сала кетейік, биыл Наурыз мерекесі 21-23 наурыз – бейсенбі, жұма, сенбі күндеріне түседі. Сенбі күнгі демалыс дүйсенбі – 25 наурызға ауыстырылады. Яғни, аптасына 5 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24, 25 наурыз күндері бес күн демалады. Ал 6 күн жұмыс істейтіндер 21, 22, 23, 24 наурызда төрт күн демалып, дүйсенбі 25 наурызда жұмысқа шығады.
Оқи отырыңыз: 14 күн демалыс! Қазақстандағы наурыз мерекелері мен демалыс күнтізбесі