Желтоқсан айының соңына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 23 мыңға жуық ер-азамат мерзімді әскери қызметке шақырылады, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Олардың ішінде:
- 12 мыңнан астам адам – Қарулы күштер;
- 7 мың адам – Ұлттық ұлан;
- 3 мың адам – ҰҚК Шекара қызметі;
- 400-ден астам адам – Төтенше жағдайлар министрлігі;
- 300-ге жуығы – Мемлекеттік күзет қызметі қатарын толықтырады.
Сарбаздар әскерде әскери-есептік мамандықпен қатар, еңбек нарығында сұранысқа ие 20-ға жуық жұмысшы кәсібін тегін меңгере алады. Олардың қатарында жүргізуші, байланыс маманы, парамедик, экскаваторшы және тағы басқалары бар.
"Бұдан бөлек, сарбаздар үшін әскери қызмет өткеру кезеңінде несие төлемдерін кейінге қалдыру және ҰБТ тапсырмай-ақ мемлекеттік білім беру гранты бойынша жоғары оқу орындарына түсу мүмкіндігі қарастырылған", – делінген ресми хабарламада.
Мерзімді әскери қызмет – ол елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету жүйесінің маңызды элементі. Әскерде шыңдалған сарбаздар мемлекеттің жұмылдыру резервін құрайды. Ал әскери өмірдің өзі олардың бойында темірдей тәртіп пен жауапкершілікті, көшбасшылық қабілет пен ұжымда жұмыс істеу дағдысын қалыптастырады.
Оқи отырыңыз:
"Үйін сағынған". Өскеменде әскери бөлімнен кетіп қалған сарбаз ұсталды
Қазақстанда 21 мыңнан астам жас әскерге шақырылды: ең көп сарбаз қай құрылымға жіберілді