Маңғыстау облысында болған қайғылы оқиға кезінде аман қалып, аурухананың жансақтау бөліміне түскен Ақжол Темірхан қазір ес жиып, қажетті емін алып жатыр. Оның әкесі Тимур Қыдырниязов 31 арнаның меншікті тілшісінің сұрақтарына жауап беріп, ұлының жағдайы туралы баяндап берді.
"Балам әскерге өткен жылы қазанның бірі не екісі аттанған болатын. Сәйкесінше биыл қазанның үшінде үйге оралады деп күтіп отырғанбыз. Кешегі оқиғаның хабарын мен жұмыста әлеуметтік желі арқылы білдім. Ата-аналардың чатына да түрлі хабарлама келіп жатты. Бірнеше сарбаздың қайтыс болғанын, ал біреуінің ауруханаға түскенін оқыдым. Әрине, әртүрлі ой келді. Жұмыстан шығып, жолда келе жатқанымда ауруханадағы сарбаздың өзімнің ұлым Ақжол екенін білдім", – дейді Тимур Қыдырниязов.
Оның айтуынша, Ақжолдың жағдайы қазір жақсы. Анасы қасында. Ұлымен де, аурахана басшыларымен де сөйлескенін айтқан әке Ақжолдан болған оқиға жайында көп сұрамағанын жеткізді.
"Қазір балама артық сұрақ қойып жатқан жоқпын. Былтырдан бері бірге қызмет етіп, ағалы-інідей болып кеткен әріптестерінің қазасын естіп-біліп отыр", – деді ол.
Тимур Қыдырниязовтың айтуынша, Ақжолдың жағдайына қатысты әлеуметтік желіде түрлі алып-қашпа әңгіме тарап жатыр. Бірақ, әке ұлының кеше кешкілік еркін сөйлеп отырғанын алға тартты.
Сондай-ақ, Тимур Қыдырниязов ұлымен куәгер ретінде әңгімелесу басталған кезде қасында бола алатынын жеткізді. Оны құзырлы орган өкілдері растаған.
Каспийдегі қайғылы оқиғадан аман қалған сарбаздың жағдайы белгілі болды
Каспийдегі қасірет. Қызметіне салғырт қараған лауазымды тұлғалар анықталды – Бас прокуратура