Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауға түсуге құқығы бар. Бұл туралы Конституциялық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның бірқатар ережелеріне ресми түсіндірме беру туралы өтінішпен Конституциялық сотқа жүгінген. Атап айтқанда, 1995 жылғы 30 тамыздағы Конституцияға сәйкес қызмет атқарған тұлғалардың мына лауазымдарға қайта сайлануына немесе тағайындалуына қатысты мәселе қаралды:
- Президент;
- Конституциялық соттың төрағасы мен он судьясы;
- Жоғарғы соттың төрағасы;
- Бас прокурор.
"Конституциялық сот аталған конституциялық нормалардың мазмұнына сәйкес, белгіленген шектеулер тек қолданыстағы Конституция мен соған сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық актілер негізінде бұрын сайлану немесе тағайындалу фактісіне ғана қатысты екенін атап өтті. Конституцияда 1995 жылғы Негізгі заң қолданыста болған кезеңдегі аталған лауазымдарда болу мерзімін немесе сол кезеңде сайлану не тағайындалу фактісін осы шектеулерді қолдану кезінде есепке алу туралы ережелер көзделмеген", – делінген хабарламада.
Соттың түсіндіруінше, бұрынғы Конституция қолданыста болған кезеңде аталған лауазымдардың бірін атқару жаңа Конституция күшіне енгеннен кейін сол қызметке қайта сайлануға немесе тағайындалуға кедергі болмайды.
Осылайша, аталған лауазымдарды атқарып жүрген тұлғалар бұл қызметтерге қайта сайлана немесе тағайындала алады. Бұл сайлану немесе тағайындалу олардың жаңа Конституция аясындағы алғашқы мерзімі ретінде есептеледі.
Құрылтай өз тарихын бастады – Президент сайлау өткізу туралы Жарлыққа қол қойды
Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс – Тоқаев Құрылтай депутаттарын сайлау туралы