Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 29 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы хабарлады.
ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. Тестілеудің өзі 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Қаңтардағы ҰБТ-ға:
- шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған,
- жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар,
- шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына,
- педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер,
- мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.
Оқи отырыңыз: Ұлттық бірыңғай тестілеу сынақтарының базасы жаңарды
Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды.
ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалады, яғни үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша. Алайда "Оқу сауаттылығы" мен "Математикалық сауаттылық" міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарады. Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады.
"Бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде "Қазақстан тарихынан" 20 тапсырма, "Оқу сауаттылығынан" 10 тапсырма, "Математикалық сауаттылықтан" 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды", – деп жазылған хабарламада.