Алматы облысындағы әсем тау қойнауында Еуразияның таулы экожүйелерін қорғауға арналған ірі халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Биылғы басқосудың мәні бөлек, өйткені ол еліміздің маңдайалды табиғи қорықтарының бірі – Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Екі күнге созылатын жиында ғалымдар, экологтар мен халықаралық сарапшылар климаттың өзгеруі жағдайында табиғатты қорғау және экотуризмді өркендету мәселелерін талқылауда.
Бұл шараға Қазақстан, Түркия, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан келген делегациялар қатысып жатыр. Сондай-ақ БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерня бейнеүндеу жолдап, қатысушыларға сәттілік тілесе, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Сәбит Байзақов пленарлы мәжілісте маңызды баяндама жасады.

Үш онжылдықтың белесі: 5 миллион көшет пен ақ барыстың оралуы
Іргесі 1996 жылы қаланған Іле-Алатауы ұлттық паркінің аумағы бүгінде 200 мың гектардан асады. Бұл – еліміздегі ең ірі әрі маңызы зор ерекше қорғалатын аймақтардың бірі. Осы 30 жыл ішінде атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесі орасан:
- Орман қорын қалпына келтіру: Ұлттық парк аумағында 5 миллионнан астам ағаш көшеті отырғызылды;
- Фаунаны сақтау: Жүйелі қорғау жұмыстарының арқасында ақ барыс, қоңыр аю, тас сусары мен бүркіт сияқты сирек кездесетін аң-құстардың саны тұрақты түрде өсіп келеді.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауы ұлттық паркінде "Журналистер аллеясы" ашылды
Ұлттық парктің бас директоры Елнур Ахметов өз сөзінде бұл жетістіктердің артында орманшылар мен мемлекеттік инспекторлардың, ғалымдар мен экологтардың күнделікті қажырлы еңбегі тұрғанын атап өтті.
"Бұл конференция – табиғи мұрамызды сақтап, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Үш онжылдықта бұл мекен мемлекет пен ғылымның, халықаралық серіктестердің басын қосқан маңызды алаңға айналды", – деді Елнұр Ахметов.
Болашаққа хат және Үлкен Алматы шыңындағы байрақ
Конференцияның ең әсерлі сәттерінің бірі "Болашақ ұрпаққа аманат" атты уақыт капсуласын салу рәсімі болды. Капсула ішіне арнайы үндеу хат, естелік суреттер мен мерейтойлық материалдар салынды. Бұл жолдауға Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Нұрлан Әбдірахым, Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақытнұр Бақытұлы, парк басшысы Елнур Ахметов және "Oi-Qaragai" шипажайының өкілі Дмитрий Матяс қол қойды. Аманат хат араға 20 жыл салып, 2046 жылы ашылады.
Тағы бір ерекше оқиға – Үлкен Алматы шыңынан тікелей қосылған телекөпір болды. Ұлттық парктің инспекторлары Тимур Темірханов, Мәжит Эфендиев, Тілеулес Жаңабаев, Кенже Жазылбек және Алексей Аристов теңіз деңгейінен 3680 метр биіктікке шығып, шың басына парктің 30 жылдық мерейтойлық туын желбіретті.
Оқи отырыңыз: Іле Алатауында Қызыл кітапқа енген Сиверс алмасы гүлдеді
Салтанатты шара аясында табиғатты қорғауға елеулі үлес қосқан ардагерлер мен сала мамандары Министрліктің, Орман шаруашылығы комитетінің және екі өңір әкімдігінің ведомстволық наградаларымен марапатталды.

Инвестиция, туризм және Сиверс алмасы
Бүгінде ұлттық паркте 47 туристік бағыт абаттандырылып, 94 инвестициялық жоба іске асқан. Конференция барысында парктің болашақ инвестициялық әлеуеті де таныстырылды. Алдағы уақытта Қаскелең және Үлкен Алматы шатқалдарында заманауи визит-орталықтар салу, "Жоғарғы Талгар" туристік орталығын, "Turgen Alpine Village" эко-кешенін, "Ak-Bulak Lodge Park" отбасылық демалыс орнын, "Tengri" экопаркін және көшпенділер этноауылын құру жоспарлануда. Бұл жобалар аймаққа инвестиция тартып, жүздеген жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Парк басшысы Елнұр Ахметов тау соқпақтарын ретке келтіріп, қауіпсіз инфрақұрылым жасауға көмектескен Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктеріне алғыс айтты.
Ғылыми бөлімде сарапшылар төрт бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Олар тау флорасын сақтау, сирек аңдарды қорғау, туристердің табиғатқа түсіретін салмағын есептеу және Сиверс алмасы мен ақ барысты зерттеу мәселелерін талқылауда.
"Бұл конференция – табиғи мұрамызды сақтап, болашақ ұрпаққа аман-есен жеткізу жолындағы ортақ жауапкершілігіміздің көрінісі. Үш онжылдықта бұл мекен мемлекет пен ғылымның, халықаралық серіктестердің басын қосқан маңызды алаңға айналды", – деді Елнұр Ахметов.