Павлодар облысында "HAS" қаржы пирамидасын құрғаны үшін 6 жылдан 12 жылға дейін сотталған азаматтарға қатысты жаңа қылмыстық айыптар тағылды. Бұл туралы Қаржы мониторинг агенттігі (ҚМА) хабарлады.
Бұған дейін аталған қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар 5 мыңнан астам азаматты алдап, 1,2 млрд теңгеден аса қаражат жинағаны үшін сотталған еді. Алайда үкім шыққаннан кейін тағы 125 азамат құқық қорғау органдарына арыз жазып, осы пирамидаға жалпы сомасы 821 млн теңге салғандарын мәлімдеген.
Осы арыздар негізінде 2026 жылғы 6 қаңтарда күдіктілердің әрекеттері қайта сараланып, оларға:
- ұйымдасқан қылмыстық топ құру және оған басшылық ету;
- қаржылық пирамиданы ұйымдастыру және жарнамалау;
- қылмыстық жолмен алынған ақша мен мүлікті заңдастыру баптары бойынша қосымша айыптар тағылды.
Тергеу мәліметінше, пирамиданы ұйымдастырушылар салымшылардан түскен 1,2 млрд теңгеге 4 пәтер, 18 автокөлік, 3 жер учаскесі, автотұрақ орындары мен тұрғын емес ғимараттар сатып алған. Қалған қаражат банк шоттарында сақталған. Бұған дейін сот орындаушылары бірқатар салымшыға 300 млн теңге қайтарып берген.
Ал жаңадан арызданған 125 азаматтың ақшасына күдіктілер Астана қаласы аумағынан жалпы құны 525 млн теңге болатын жер телімдерін және "A.D.A.M. group" ЖШС-ін сатып алғаны анықталды. Қылмыстың ізін жасыру үшін компания үшінші тұлғаның атына тіркелген. Аталған жер телімдері мен компания активтеріне арест қойылды.
Қаржы мониторинг агенттігі "HAS" қаржы пирамидасының қызметінен зардап шеккен азаматтарды тұрғылықты өңіріндегі агенттік бөлімшелеріне барып, арыз жазуға шақырды.
USD:
511.5 / 514.9
EUR:
594.5 / 599.5
RUB:
6.23 / 6.43