Астанада "S-Group" қаржы пирамидасына қатысты тергеу жүріп жатыр: шығын 136 млн теңге

Фото: depositphotos.com
Фото: depositphotos.com
Компания салымшыларға ай сайын 15-20 пайыз, ал жылдық есеппен 120-180 пайыз көлемінде табыс уәде еткен.

Астана қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті "Sincere Systems Group LTD" ("S-Group") қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастыру және басқару дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚМА баспасөз қызметі мәлімдеді.

Тергеу деректеріне сәйкес, "S-Group" өзін Ұлыбританияда тіркелген инвестициялық қор ретінде таныстырып, Forex нарығында сенімгерлік басқару, майнинг және SWP, SWCT ішкі криптотокендерімен сауда жүргізу қызметтерін ұсынған. Компания салымшыларға ай сайын 15-20 пайыз, ал жылдық есеппен 120-180 пайыз көлемінде табыс уәде еткен.

Күдіктілер инвестициялық қызметтің заңды әрі табысты болып көрінуі үшін қатысушыларға компания сайты арқылы жеке кабинет ашуға мүмкіндік берген. Онда виртуалды депозиттер, "табыстың өсуі" және есептелген қаражат көрсетіліп отырған. Алайда шын мәнінде салымшылардың қаржысы инвестицияланбаған, ол қаражат ұйымдастырушылардың жеке қажеттіліктеріне жұмсалғаны анықталды.


Оқи отырыңыз: Үндістанда үй шаруасындағы 118 млн әйелге тұрақты "жалақы" беріле бастады


Алдын ала мәлімет бойынша, келтірілген жалпы материалдық шығын 136 миллион теңгеден асқан.

Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер елорда аумағынан екі пәтер мен екі автокөлік сатып алған. Тергеу барысында бұл мүліктің ықтимал тәркілеуден жасырылу мақсатында сенімді тұлғалардың атына рәсімделгені белгілі болды. Сот санкциясымен аталған мүлікке тыйым салынды.

Күдіктілерге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат қолданылған.

Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Серіктестер жаңалықтары