Тікелей эфир

Грек аралдары елсізденіп барады: Айос-Эфстратиоста үш жылда екі бала ғана дүниеге келген

Бұл аралды қазір 250 адам ғана мекен етеді.

Шағын аралдардың 15-конргесінде Эгей теңізіндегі грек аралдарының басшылығы бірнеше жылдан бері демографиялық мәселені шеше алмай отырғанын мойындады, деп хабарлады Euronews.com.

Басылымның жазуынша, Грекияда 2022 жылы бала туу көрсеткіші соңғы 92 жылдағы ең төмен мәнге ие болған. Демографиялық дағдарыс, әсіресе, елдің Эгей теңізіндегі шағын аралдарында қатты сезіліп отыр. Айталық, теңіздің солтүстігіндегі Айос-Эфстратиос аралында 250 ғана адам тұрады. Соңғы үш жылда бұл аралда бір сәби ғана дүниеге келген. 

"Аралда қыздар жоқтың қасы. 30 жастан кіші екі-ақ әйел заты бар. Ұлдар саны бойынша да жағдай мәз емес. Жастар өздері туып-өскен аралға қайтып оралғысы келмейді. Биыл аралда бір ғана бала дүниеге келсе, ол соңғы үш жылда дүниеге келген екінші нәресте", – деді арал мэрі Костас Синанис. 

Басылымның жазуынша, биыл Грекия халық санының азаю көрсеткіші бойынша Еуроодақ ішінде бірінші орынға шығуы әбден мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Демограф: Қазақстанда алдағы уақытта бала туу көрсеткіші төмендейді


Қазіргі таңда ел билігі жыл сайын аналар мен балаларды қолдау бағдарламаларына 1 миллиард еуро жұмсайды. Дегенмен, оның тиімді әсері шамалы болып отыр. 

"Егер біз қазір шұғыл шараларды қолға алмасақ, шамамен 25 жылдан соң халықтың үштен бірін 65 жастан асқан адамдар құрайды. Ал 2050 жылға біздің санымыз 2,5 миллионнан да азайып кетеді", – деді Eurobank банкінің өкілі Михалис Властаракис. 

Дегенмен, грек аралдарының бәрінде жағдай бірдей емес. Кей аралдар демографиялық дағдарыс жағдайында болса, кейбірінде туризм жақсы дамып, тұрғындар саны өсіп келеді. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары