Қазақстанда айырылысқаннан кейін бұрынғы сүйіктісінен сыйлыққа, саяхатқа немесе өзге де шығындарға кеткен ақшаны өндіріп алуды талап етіп, сотқа жүгінетіндер көбейген. Алайда мұндай талаптардың басым бөлігі сотта қанағаттандырылмай жатыр, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Биыл Жамбыл облысында бір ер адам бұрынғы сүйіктісінен 2,5 млн теңге, ал Астанада тағы бір азамат 5 млн теңге өндіріп беруді сұраған. Алайда екі жағдайда да сот талапты қанағаттандырмаған.
Сот бұл қаражаттың қарыз емес, ерікті түрде берілген материалдық көмек немесе сыйлық екенін негізге алған.
Заңгер Айгүл Әділбайқызының айтуынша, романтикалық қарым-қатынас кезінде ерікті түрде берілген ақша мен сыйлықтар, әдетте, қайтарылмайды.
Егер талапкер ақшаның қарыз ретінде берілгенін алға тартса, оны қолхатпен, қарыз шартымен, банк аударымындағы түсіндірмемен, хат алмасумен немесе басқа да дәлелдермен растауы қажет. Мұндай айғақтар болмаған жағдайда сот талапты қанағаттандырмайды.