FlyArystan жазғы маусымда халықаралық бағыттар бойынша рейстер санын арттырады, деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.
Әуе компаниясының мәліметінше, "Астана – Кутаиси" бағыты бойынша ұшулар кестесіне өзгерістер енгізіледі.
"1 маусым мен 31 тамыз аралығында рейстер аптасына екі рет – дүйсенбі және сәрсенбі күндері орындалады. Жазғы маусымда жолаушылар үшін басқа да танымал бағыттар қолжетімді болады. Атап айтқанда, Астанадан Батуми, Газипаша, Ташкент және Ыстықкөл бағыттарына тікелей рейстер ұсынылады", – делінген хабарламада.
Бұған дейін әуе тасымалдаушы Грузияның тағы бір туристік орталығы – Батумиге рейстер жиілігінің артатынын мәлімдеген болатын. Аталған бағыт бойынша ұшулар 2 маусым мен 29 тамыз аралығында орындалады.
Сонымен қатар 25 маусымнан бастап рейстер саны аптасына екіден үшке дейін көбейіп, сейсенбі, бейсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Әуе компаниясының мәліметінше, рейстер санын арттыру жолаушылар сұранысының өсуіне және жазғы туристік маусымның қарқын алуына байланысты қолға алынған.