Тікелей эфир

ЕҰУ басшысы: Білікті тарихшыларға Тәуелсіздік алғаннан бері зәруміз

Ерлан Сыдықов Білім және ғылым министрлігіне тарихшыларды дайындауға грант санын арттыруды ұсынды.

Тарихшыларды дайындау үшін жыл сайын магистратураға 305 грант бөлінеді. Алайда бұл есепке басқа да мамандықтар еніп кететіндіктен, грант санын көбейту қажет, деп мәлімдеді тарих ғылымдарының докторы, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің басқарма төрағасы Ерлан Сыдықов.

"Қазіргі қоғам талабы және мемлекеттік ұстаным тұрғысында тарихи білім беру үздіксіз білім берудің жүйесінде міндетті түрде оқытылуы тиіс. Ол үшін жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихы пәнінің мәртебесі жоғары деңгейде болып, ол міндетті компанент қана болмай, ұлттық сананы қалыптастыратын рухани құрал ретінде қарастырылғаны жөн. Сонымен қатар, ол классикалық стандарт бойынша ежелгі дәуірден осы күнге дейінгі хронологиялық шеңберде болуы тиіс", – деді Ерлан Сыдықов.

Профессор елде тарихшы мамандардың жетіспеушілігі мәселесіне тоқталды. Сондай-ақ, жыл сайын мемлекет тарапынан бөлінетін грант санының аз екенін айтты.


Оқи отырыңыз: "Бір жылда 12 ғасыр тарихын оқиды". Алматылық ұстаз оқу бағдарламасын өзгертуді ұсынды


"Орта білім беру мектептеріне тарихшы педагог даярлауды жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес, жоғарғы оқу орындарының пәндік білім алу траекториясын күшейтуге мән берілуі қажет. Жоғары оқу орындарына бөлінетін тарихи білім беру бағдарламалары бойынша гранттар саны ұлғайтылса дейміз. Білікті тарихшы мамандарға зәрулік бүгін ғана пайда болған жоқ. Тәуелсіздік алғаннан бері зәруміз. Қажеттілікке сәйкес кәсіби білікті тарихшы мұғалім, тарихты зерттеуші даярлауды сапалы деңгейге көтеру ортақ ісіміз деп айтқым келеді. Қазір Қазақстанда кәсіби тарихшыны қажет ететін 700-ден астам ұйым бар", – деп қосты профессор.

Ерлан Сыдықовтың мәліметінше, тарихшы және археология мамандықтарына жыл сайын 117 грант, сонымен бірге бакалаврға 318 грант бөлінеді.

"Енді мыңдаған мектеп салынады, жаңа мектептер ашылады. Тарихшыларды дайындайтын осы гранттар саны көбейсе деген ойымыз бар. Докторантура жаман емес, 50 грант бөлініп отыр. Магистратурада 305 грант аздау. Оның ішіне басқа мамандықтар үлесіп кетеді", – деді тарихшы.

Еске салсақ, алматылық ұстаздың оқу бағдарламасын өзгертуді ұсынғаны туралы хабарлаған едік. Оның айтуынша, мектепте тақырыпты бекітуге де, қайталауға да сағат қарастырылмаған.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары