Тікелей эфир

Этникалық қазақтар "Ата жолы" картасын қалай алады?

Құжатты "Құтты мекен" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріп немесе Қазақстан елшілігіне хабарласу арқылы алуға болады. 

"Ата жолы" картасы – этникалық қазақтарға елімізде бизнес-кейстерін іске асыруға және елде тапшы мамандардың қызмет етуіне берілетін құжат. Карта иелеріне республика аумағында азаматтығын сақтай отырып, 10 жылға дейін тұрақты тұруға рұқсат беріледі. Бұл құжатты "Құтты мекен" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріп немесе Қазақстан елшілігіне хабарласу арқылы алуға болады. 

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады

Бұл карта мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" жолдауында айтылған тапсырмасы бойынша және адами әлеуетті дамыту, тарихи отанмен байланысты нығайту және ұлттық дәстүрлерді сақтау, елге кәсіпқой мамандарды және табысты кәсіпкерлерді тарту үшін ҚР-ның 2023-2027 жылдарға арналған көші-қон саясатының тұжырымдамасы бойынша әзірленген.

Ереже бойынша, "Ата жолы" картасы үш санаттың біріне сәйкес келетін шетелде тұратын этникалық қазақтарға ұсынылады:

– ҚР азаматтығына қабылдаудың оңайлатылған тәртібі белгіленетін адамдар үшін кәсіптердің болуы;

– үміткердің Қазақстанда талап етілетін кәсіптерге ие болуы;

– тұрақты тұратын немесе азаматтығы бар елде тіркелген жұмыс істеп тұрған бизнестің болуы.

Құжатты алу үшін "Құтты мекен" мобильді қосымшасы арқылы өтініш беріп немесе Қазақстан елшілігіне хабарласу қажет. 

"Тіркелгеннен кейін өтінім бес жұмыс күні ішінде қаралады, содан кейін әлеуметтік қорғау және халықты жұмыспен қамту саласындағы жергілікті атқарушы орган сол қосымша арқылы алушыны құжаттың ұсынылғаны туралы хабардар етеді. Осыдан кейін этникалық қазақ виза алу үшін ҚР СІМ-нің шетелдегі мекемесіне хабарласа алады немесе (тұратын елімен визасыз режимде) көшіп келушілердің келуі мен болуының қазақстандық тәртібіне сәйкес бірден елге келе алады", – делінген хабарламада. 

Келгеннен кейін "Ата жолы" картасының иегері ұзарту мүмкіндігімен 10 жыл мерзімге тұруға ықтиярхатты ресімдеу үшін аумақтық ішкі істер органдарына хабарласуға тиіс.

Карта алынған санатқа байланысты этникалық қазақ не жұмыс берушімен шартқа қол қояды және оны "еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесінде" тіркейді не өзінің бизнес-жоспарын жүзеге асыруға кіріседі.

"Ата жолы" картасының иегерлерінің этникалық қазақтардан басты айырмашылығы – олар басқа елдің азаматы болып қала отырып, азаматтар мен қандастар сияқты құқықтарға ие болады. Мәселен, оларға қазақстандық заңнамаға сәйкес жұмысқа орналасу немесе кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру құқығы, медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде әлеуметтік төлемдер жүргізу және қызмет алу, тегін орта білім алу, Мемлекеттік мекемелерде тегін арнаулы орта немесе жоғары білім алу конкурсына қатысу немесе жеке оқу орындарында ақылы оқу және т. б. мүмкіндігі болады", – делінген хабарламада. 

Бұған қоса "Ата жолы" картасын барларға Қазақстан Республикасының азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алуға мүмкіндігі бар.

Айта кету керек, "Ата жолы" картасы бар адамдардың ҚР мемлекеттік органдары мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауға және сайлануға құқығы жоқ, республикалық референдумға қатыса алмайды және мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары