Салық кодексіне өзгерістер енсе, ескі көлікпен жүргендерге біраз жеңілдік болайын деп тұр. Яғни, автокөліктің шыққан жылы неғұрлым ескі болса, көлік иесі соғұрлым аз мөлшерде салық төлейді, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Жеңіл автокөліктерге салынатын салық құны бүгінде көліктегі қозғалтқыштың көлеміне байланысты белгіленеді. Темір тұлпардың жаңа немесе ескі болуы маңызды емес. Кейде тозығы жеткен көлікке салынатын салық құны жаңа жол талғамайтын көлікке белгіленген сомадан да асып кетеді. Енді әділдік болу үшін темір тұлпардың шыққан жылына да қарайтын салықтың сараланған тәсілі ұсынылып отыр.
"Ескі көліктер бойынша мәселелер қарастырылып жатыр. Бұл әзірге Үкіметті қаралып жатыр. Дифференциалды салық жылына байланысты қолданайын деп жатыр. Соған байланысты төмен салықтарды қарастыруда", – деді Алматы қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Бауыржан Бекмұратов.
Ал қоғамда мұндай жеңілдікке жол берсе, елде ескі көлік саны көбеюі ықтимал, бірақ көбі бұл бастаманы қолдайтынын жеткізді. Сарапшы пікірінше, ескірген көліктерге салық мөлшерін төмендеткеннен зиян жоқ. Елдегі темір тұлпарлардың 50 пайыздан астамы тозғанын ескерсек, бұл керісінше азаматтарды салық ауыртпалығын жеңілдетеді.
Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар көлік салығы бойынша ескерту алып жатыр. Оны қалай есептеуге болады
"Көлікке салатын салықты қайта қарайтын болса, көліктердің жылына қарай коэффиценттер бекіткені жөн. Қазір жартылай тоқпен, жартылай бензинмен жүретін көліктер де көбейіп жатыр. Қазақстандағы көліктердің жартысынан көбі 20 жыл бұрын шығарылған. Енді сол ескі мен жаңаны бірдей бағалауға келмейді", – деді сарапшы Алексей Алексеев.
Статистикаға сүйенсек, қазір елде тіркелген машина саны 5 миллионнан асқан. Оның 88 пайызы – жеңіл автокөлік.