Тікелей эфир

Елші: Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми серіктестік – ынтымақтастықты сапалы нығайтудың қозғалтқышы

Қытайдың Шыңжаң экология және география институты мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ бірлескен зертхана құрды.

2 шілде күні ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Сапар барысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықтың жаңа кезеңі басталғанын, "Алтын отыз жылдық" аясында алға қойған мақсаттарды сәтті жүзеге асыруға үміттенетінін айтты. Осы орайда Қытайдың Алматыдағы елшісі Цзян Вэй қай салаларда ынтымақтастықты дамыту көзделіп отырғанын әңгімеледі. 

Елшінің айтуынша, Қазақстан мен Қытай арасындағы "Бір белдеу, бір жол" бастамасы сауда, инфрақұрылым және мәдени байланыс пен өзара алмасудың дамуында маңызды рөл атқарып отыр. 

"2024 жылдың алғашқы бес айында біздің елдеріміз арасындағы сауда көлемі 17,62 миллиард долларды құрады. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 18 пайызға артық және ары қарай да дами беретіні сөзсіз. Көлік-логистика саласы бойынша Қазақстан мен Қытай үшінші трансшекаралық теміржол құрылысын белсенді дамытып, Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша ынтымақтастықты тереңдетіп жатыр. Осы жылдың 30 сәуіріндегі жағдай бойынша Шыңжаңдағы Қорғас пен Алашанькоу шекара өткелдері арқылы 5 мыңнан астам Қытай-Еуропа пойыздары өтті. Бұл "темір керуендер" Жібек жолы бойында және бүкіл әлемде жеткізу тізбегі мен өндіріс тізбегінің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Жақында іске қосылған Қытай-Еуропа Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүктердің тікелей қозғалысы көп деңгейлі және көп қырлы өзара байланысты қалыптастыруға жаңа серпін беретініне сенімдіміз. Қытай, сонымен қатар, Сиань құрғақ порты мен Ляньюнган логистикалық орталығының әлеуетін толық ашады, электрондық коммерцияның логистикалық орталықтарын құру және логистиканың тиімділігін арттыру үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты тереңдетеді. Бұдан бөлек, визасыз режим сәтті жүзеге асты. Ол біздің елдеріміздің халықтары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайта түседі", – деді Цзян Вэй.


Оқи отырыңыз: 30 жылда Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда айналымы 100 есе өскен


Ары қарай Қытай елшісі Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-техникалық инновация саласындағы серіктестікке тоқталды. Айтуынша, бұл серіктестік екі ел арасындағы ынтымақтастықты жан-жақты сапалы жақсартудың маңызды қозғалтқышы болып отыр. Осы орайда ол Қытайдың Шыңжаң экология және география институты мен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті құрған қашықтықтан зондтау және қолдану бірлескен зертханасының ашылуын мысалға келтірді. 

"Бұл зертхана жасыл Жібек жолын салу мен өңірлік орнықты даму үшін ғылыми-техникалық қолдауды қамтамасыз етеді. "Сучжоу" компаниясы JiMu Robotics технологиясының көмегімен интеллектуалды ауыл шаруашылығының дамуына ықпал етеді. Өсімдіктерді қорғауға арналған жаңа дрондар жақын арада Қазақстандағы егістіктерде жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ, бұл компания жоғары стандартты ауыл шаруашылығы алқаптарын салу үшін технологиялық қолдау көрсететін болады. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия шеңберінде инновациялық ынтымақтастық жөніндегі кіші комитет жұмылдырылды. Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастыққа жаңа үлес қоса отырып, жаһандық ғылыми-техникалық қоғамдастық құру бойынша бірлесіп жұмыс істеуге шақырамын", – деп қосты елші. 

Мұнымен қатар Цзян Вэй Қазақстан мен Қытай туризмі саласындағы көрсеткіштерге тоқталды. Қазақстан халқын Қытай елінің әсем табиғаты мен мәдениетін тамашалауға шақырды. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандықтар Қытайға 30 күннен аспайтын мерзімге визасыз бара алады


"Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы туристік ынтымақтастық маңызды бола бастады. Қазақстан СІМ өкілі өткен жылдың 10 қарашасынан бастап осы жылдың наурыз айының соңына дейін Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 126 мың адамды құрап, 10 еседен астам өскенін хабарлады. Қытай тарапының статистикасына сәйкес, биылғы жылдың наурыз айынан бастап Қазақстанға авиабилеттерді брондау саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда үш еседен астам өсті. Барған сайын қытайлық туристер стихиялық сапарлар үшін Қазақстанды таңдайды. Астана мен Алматы қытайлық туристер үшін ең танымал орынға айналды, сондай-ақ, Шымкент, Түркістан және Ақтау сияқты қалаларға қытайлықтар көбірек келеді. Әлеуметтік желілерде қытайлық туристік блогерлердің қазақстандық тағамдар мен табиғат сұлулығын тамашалайтын жарияланымдарын жиі көремін. Сапар барысында 2025 жыл Қытайдың Қазақстандағы туризм жылы болатыны расталды. Қытай – табиғаты бай, әдемі пейзаждары мен жанды мәдениеті бар үлкен ел. Біз қазақстандық достарды Қытайға баруға, Қытаймен танысуға қуана шақырамыз. Бұл біздің елдеріміздің халықтарын жақындастыру үшін өте пайдалы болады", – деді елші Цзян Вэй. 

Серіктестер жаңалықтары