Тікелей эфир

"Қазақстан – Қытай" форумында 629 миллион доллардың келісіміне қол қойылды

Форум аясында $629,1 миллионға 17 құжатқа қол қойылды.

Үрімші қаласында өткен "Қазақстан – Қытай" III аймақаралық форумында 629 миллион долларға ынтымақтастық туралы бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлады үкіметтің баспасөз қызметі.

Форумға Қазақстанның 17 облысының, ірі компаниялары мен іскер топтарының және ҚХР-дың 27 өңірінің өкілдері қатысты.

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин іс-шараның ашылуында Қытай Қазақстанға инвестиция салу көлемі бойынша төртінші орында тұрғанын айтты.

"Қазақстан мен Қытай арасында қарқынды аймақаралық өзара іс-қимыл жасауға барлық жағдай жасалған. Сонымен бірге инвестициялық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері үшін үлкен әлеует бар", – деді вице-премьер.

Форум аясында $629,1 миллионға 17 құжатқа қол қойылды. Олардың ішіндегі ең ірілері: Алматы облысы мен "TBEA" ААҚ арасында 10 қосалқы станса мен электр жеткізу желілерін салу және жаңарту, электр жабдықтарын өндіру зауытын салу туралы келісімдер, күнбағыс майын жеткізу бойынша үш келісімшарт, "Qazaq Camel" ЖШС мен Xinjang Huaken Dairy Group Co ltd арасында құрғақ түйе сүтін жеткізу туралы келісімшарттар және басқалары бар.

Сол күні Үрімшіде "Экспо Қытай – Еуразия" халықаралық көрмесі өз жұмысын бастады. Бұл нарыққа бағытталған сегізінші кәсіби бренд көрмесі. Оның ашылуына Өзбекстан мен Қырғызстан үкіметтерінің басшылары, Қазақстан мен Тәжікстан премьер-министрлерінің орынбасарлары қатысты.

"Серік Жұманғарин Қытай мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың "алтын 30 жылдығының" жаңа парағы жаңа амбициялық мақсаттар қойып отырғанын атап өтті. Олардың бірі – өзара тауар айналымын $100 млрд дейін жеткізу", – делінген хабарламада.

260 шаршы метрлік қазақстандық павильон "ЭКСПО Қытай – Еуразия" көрмесінде қонақтар павильондары арасындағы ең ірісі болды. Мұнда 42 отандық компанияның экспорттық тауарлары орналастырылған. Біздің еліміз негізінен азық-түлік өнімдерін ұсынды.

Қазақстандық павильонның ұйымдастырушысы Qaztrade сауда саясатын дамыту орталығы болды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары