Бүгін Қазақстан футбол федерациясының Бақылау, тәртіптік және этикалық комитетінің отырысында Премьер-лиганың 13-туры аясында өткен "Елімай" – "Ордабасы" матчынан кейінгі тәртіптік оқиғалар қаралды. Ол туралы федерацияның баспасөз қызметі хабарлады.
Комитет шешімімен "Елімай" футболшысы Жан Әли Пайруз бас төрешіге физикалық қысым көрсетуге әрекеттеніп, спорттық емес мінез-құлық танытқаны үшін төрт матчқа ойыннан шеттетілді. Оның дисквалификациясы 2026 жылғы 15 маусымнан бастап есептеледі.
Сондай-ақ "Елімайдың" бас бапкері Андрей Карпович матчтан кейін төрешілердің шешіміне агрессивті түрде қарсылық білдіріп, ойыншылар, клуб өкілдері мен төрешілер арасында жанжалдың туындауына себеп болғаны, сондай-ақ беделге нұқсан келтіретін мәлімдемелер жасағаны үшін төрт ойынға шеттетілді. Оның жаза мерзімі де 15 маусымнан бастап күшіне енді.
Клубтың басқарушы директоры Федор Симиниди матчтың ресми тұлғасына агрессия танытып, төрешілер бөлмесіне заңсыз кіріп, балағат сөздер айтып, қорқыту әрекеттерін жасағаны үшін 2026 жылғы 24 маусымнан 1 қазанға дейін "Елімай" қатысатын барлық матч өтетін стадиондарға кіре алмайды. Бұдан бөлек, оған 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
Комитет "Елімай" футбол клубына да бірнеше тәртіптік жаза қолданды. Жанкүйерлердің төрешілерге қатысты қорлайтын сөздер айтуы, алаңға заттар лақтыруы және қауіпсіздікті тиісті деңгейде қамтамасыз етпегені үшін клубқа 300 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар матч барысында бір ойыншы мен клубтың екі өкілінің алаңнан қуылуына байланысты тәртіпсіз мінез-құлық үшін тағы 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеу міндеттелді.
Бұдан бөлек, кездесуден кейін "Елімай" өкілдерінің атына балағат сөздер айтып, ҚФФ Әдеп кодексінің талаптарын бұзған төреші Арман Есмұратов та 2026 жылғы 24 маусымнан 1 қазанға дейін қызметінен шеттетілді.
Осылайша, "Елімай" – "Ордабасы" матчынан кейінгі оқиғаларға байланысты ҚФФ бірнеше лауазымды тұлға мен клубқа қатысты қатаң тәртіптік санкциялар қабылдады.

