Электр желілерінің әр 10 шақырымында орта есеппен 3 құс өледі. Жартысынан көбі Қызыл кітапқа енген

Ал күзгі миграция кезінде Қазақстан арқылы ұшып өтетін жыртқыштар 500 млн құсты жем етеді.

Қазақстанның ішінде жыл сайын орташа және ірі жыртқыш құстар 5 млрд құспен қоректенеді, деп мәлімдеді жыртқыш құстар жөніндегі сарапшы Игорь Карякин. Оның сөзінше, құстардың өлімінің тағы бір себебі – электр желілері. 

"Жыртқыш құстар айналаны өзі жақсы көре алатын, ситуацияның қаншалықты қауіпсіз екенін бағамдай алатын биік жерге қонуға тырысады. Осы себепті шөл мен иен далада электр тасымалдау желісіне қонады. Алайда 6-10\20 киловольттық құрылымдар олар үшін аса қауіпті. Экология кодексінің 246-бабы, "Жануарлар дүниесін пайдалану мен қорғау" туралы заңының 17-бабына назар салсақ, өлімге әкеліп соғатын құрылымдарды эксплуатациялауға тыйым салынғанын көреміз. Яғни қолданыстағы 6-10\20 киловольттық құрылымдар заңнаманы бұзып отыр. Өкінішке орай, құқықты іс жүзінде пайдалану бір жолға қойылмаған", – деді "Биоалуантүрлілікті зерттеу және сақтау орталығы" ҚҚ атқарушы директоры Нұрлан Оңғарбаев. 

Мұнымен қатар, ол Маңғыстау және Атырау облыстарында жүргізілген зерттеу нәтижелерін бөлісті. Зерттеуге сәйкес, әр қауіпті желінің 10 километрінде орташа есеппен 3 құс өледі. 

"Біздің дерегімізге сәйкес, қауіпті желілерде өлетін құстардың жартысынан көбі – Қызыл кітапқа енгендер. Егер біз осы пропорцияны Атырау және Маңғыстау облыстарындағы қауіпті желілерге телитін болсақ, онда осы екі өңірдің өзінде Қызыл кітапқа енген 2 мың құс өлетінін көреміз. Қарапайым адам 2 мың құстың өлімінің қандай салдары болуы мүмкін екенін түсінбеуі мүмкін. Осы өлекселерді бір жерге жинайтын болсақ, онда бір немесе екі КаМАЗ толып қалатын еді. Сондықтан бұл қауіпті әрі шешімді талап ететін проблема болып отыр", – деп қосты Нұрлан Оңғарбаев. 

Әрі қарай қор директоры мәселені шешуді, алдымен, желілерді құстарды қорғайтын құрылғылармен жабдықтаудан бастау керегін айтты. Мысалы, "диэлектор қалпақтары" қауіпті тоқтың бетін жауып тұрады. Мұнымен қатар, Нұрлан Оңғарбаев электр желісін жердің астынан өткізуді ұсынды. Айтуынша, бұл арзан әрі құстар өлімін бірден азайтады. 

Жыртқыш құстар жөніндегі сарапшы Игорь Карякин өз кезегінде Қазақстан арқылы миграция жасайтын құстардан келетін салдар үшін алаңдап отырғанын бөлісті. 

"Перегрин сұңқар – сұңқардың ерекші түрі. Қазақстанның солтүстігі мен шығыс бөлігінде оның аздаған саны ғана қалды. Күздің 14 күнінде шамамен Қазақстан арқылы 20 мың сұңқар ұшып өтеді. Ал оның тәуліктік рационы – 100 гр құс еті. Бұл шамамен – күніне 7 кішкене торғай. Осылайша Ресей құстары 14 күнде Қазақстанның 1 млн 960 мың құсымен қоректенеді. Мұнымен қатар, Қазақстан арқылы 150 мың гошавк-қарға ұшып өтеді және оның миграциясы 30 күнге созылады. Осы уақыт аралығында олар Қазақстандағы 54 млн кішігірім құспен қоректенеді", – деп алаңдаушылық білдірді Игорь Карякин.

Бұдан өзге сарапшы 20 күндей 500 мың қарғаның ұшып өтетініне тоқталды. Бұл уақытта олар орташа есеппен 30 млн құспен қоректенеді. Осылайша, бір ғана күзгі миграция кезінде Қазақстан арқылы өтетін құстар 500 млн құсты жем етеді. Ал Қазақстанның ішінде жыл сайын орташа және ірі жыртқыш құстар 5 млрд орташа және кішкене құспен қоректенеді. Яғни, жылда ұядан жаңа ұшып шыққан торғайлардың 80%-ы жемтікке айналады. 

Жаңалықты жарнамасыз оқыңыз. iOS және Android жүйесіне арналған informburo.kz мобильді қосымшасын жүктеңіз.

Тарату:

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары