Тікелей эфир

Елдегі 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін сыртқа шығарылмаған

Әлихан Смайылов жаңа оқу жылында балалар қауіпсіздігін толық қамтамасыз етуді тапсырды.

ҚР премьер-министрі Әлихан Смайылов оқу жылының басталуына 2 апта қалса да, кей мектептердің уақытылы ашылмауы мүмкін екенін ескертті. Осы орайда ол Оқу-ағарту министрлігіне бірқатар тапсырма берді. 

"Оқу жылы басталғанша 52 жаңа мектеп ашылады деп жоспарланып отыр. Жаңа білім ордасын мыңдаған оқушы асыға күтіп жүр. Сонымен қатар жаңадан салынып жатқан 15 мектеп уақытылы ашылмай қалуы мүмкін. Мұндай объектілердің басым бөлігі Түркістан облысы мен Астана қаласында орналасқан. Осы бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, жаңа мектептердің іске қосылуын қамтамасыз ету қажет. 180 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Бірақ мұнда да жұмыстардың уақытында аяқталмай қалу қаупі бар", – деді премьер-министр. 

Ақмола облысының өзінде ғана шамамен 7 мектеп жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын үлгермей қалуы мүмкін. Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында осындай 2 мектептен бар.


Оқи отырыңыз: Смайылов шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендер ұйымдастыруды тапсырды


"Аталған өңірлер шұғыл шаралар қабылдауы қажет. Нормаға сәйкес, барлық құрылыс жұмыстары жаңа оқу жылының басталуынан 2 апта бұрын аяқталуы керек. Оқушылар таза әрі бояу иісі жоқ сыныптарға келуі тиіс. Сонымен қатар 54 мектеп ғимаратынан жылыту қазандықтары әлі күнге дейін шығарылмаған. Бұл жұмысты аяқтау керек", – деді Әлихан Смайылов. 

Бұдан өзге ел шалғай ауылдарда мектеп жәрмеңкелері мен көшпелі автодүкендер ұйымдастырылатынын атап өтті.  

Серіктестер жаңалықтары