Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сайтының атауы мен мекенжайы өзгерді. Сайт атауында "Елбасы" сөзі жоқ. Сондай-ақ, сайт домені де өзгерген, ол nazarbayev.kz (бұрын elbasy.kz) деп жазылады.
Сайттың мазмұны да өзгерген. Енді ол 4 басты бөлімнен тұрады:
- Нұрсұлтан Назарбаев бөлімі тұңғыш президенттің өмірбаянына арналған.
- Халықаралық беделі бөлімінде ғылыми дәреже және атақтары, өзге елдердің жоғары мемлекеттік марапаттары, Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық ұйымдардағы мәртебелері туралы мәлімет пен әлемдік көшбасшылардың пікірі жазылған.
- Астана бөлімінде Қазақстанның жаңа астанасын құру туралы ақпарат бар.
- ҚР тұңғыш президентінің кеңсесі бөлімі әзірге қолжетімді емес.
Сайтта күшін жойған Елбасы туралы заң атап көрсетілмейді. Тиісті заңға кеше президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған болатын.
Оқи отырыңыз:
- Конституциялық сот Елбасы туралы заңның күші жойылды деп тану жөнінде қаулы шығарды
- Парламент депутаттары Елбасы туралы заңның күшін жоюды мақұлдады
- Нұрсұлтан Назарбаев құрметті сенатор атағынан айырылды
- Әділет министрі: Назарбаев отбасының шоттары мен мүлкіне қойылған кепілдер күшін жояды
- Тұңғыш президент әулетіне тиесілі жерлер мемлекетке қайтарыла ма? Министр жауабы
Сайттың бас бетінде жаңалықтар айдарында ең соңғы жаңалық 2022 жылғы 21 қарашада шыққан. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс ҚР президенті сайлауындағы жеңісімен құттықтаған.
Бас бетте Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары мен жарияланымдары, сөйлеген сөздері, сұхбаттары мен жолдауларына сілтеме берілген.
Медиагалереяда 2019 жылғы наурыз айынан бергі фотосуреттері мен видеолары жарияланған. Соңғы фотосуреттері 20 қарашада өткен президент сайлауында дауыс берген кезде жасалған.