Тікелей эфир

Экономист: Жаңа штамның таралуының Қазақстан экономикасына оң тұсы да болуы мүмкін

Мақсат Халықтың сөзінше, дамыған мемлекеттер жағдайға байланысты доллардың бағасын бақылауда ұстап келген.

Ұлттық банк мамандары теңгенің құнсыздануын Covid-19-дың жаңа штамының пайда болуымен байланыстырды, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, инфекцияның жаңа түрі анықталғалы әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырай бастаған. Мәселен, Brent маркалы мұнай құны барреліне 82,2 доллардан 72,7 долларға дейін төмендеген. Соның салдарынан соңғы үш күн ішінде ұлттық валюта 0,4 пайызға яғни, бір доллар үшін 433,5 теңгеге дейін әлсіреп отыр.

"Омикрон" штамына байланысты бірқатар елдің әуе рейстерін тоқтатуы бір-ақ күнде мұнай бағасының 11,6 пайызға құлдырауына себеп болған. Яғни, әзірге жаңа штамм қаншалықты қауіпті, оған қолданыстағы вакциналар төтеп бере ала ма беймәлім. Сондықтан, нарықтағы ахуалдың да қашан түзелерін кесіп айту қиын дейді сарапшылар. Жалпы мұнайдың бұдан кейінгі серпіні ОПЕК+ кездесуінен кейін белгілі болмақ.


Оқи отырыңыз: Қазақстанға 11 елден келуге шектеу қойылып, Египетпен әуе байланысы тоқтайды


Ал экономист Мақсат Халық жаңа штамның пайда болуының Қазақстан экономикасына оң тұсы да болуы мүмкін екенін айтты.

"Жаңа штамның пайда болғаны, әрине, кездейсоқ жағдай. Мен мұндай жағдайға біздің Ұлттық банк дайын болды деп есептемеймін. Бірақ, бір мәселе бар. Жаңа штамның пайда болуының Қазақстан экономикасына оң тұсы да болуы мүмкін. Себебі, қазіргі уақытта дамыған мемлекеттер, оның ішінде, АҚШ, ЕуроОдақ елдері, Жапония бар, бәрі Quantitative Easing деп аталатын ақша-несие саясатын жүргізіп жатыр. Ол – сандық жеңілдетілген ақша саясаты. Федералды резерв жүйесі доллардың кілттік пайыздық мөлшерлемесін нөлдік дәрежеде ұстап келді. Сондықтан доллар қатты өскен жоқ", – деді Мақсат Халық.

Сондай-ақ, ол коронавирустың "Омикрон" штамының кең таралуы қандай жағдайларға әкеліп соңуы мүмкін екеніне де жауап берді:

"Егер штамм аса қауіпті болса, онда көптеген мемлекеттер қайтадан карантин жариялайды. Ресурстарға деген сұраныс пен мұнай бағасы да төмендейді. Мұның бәрі экономиканың іскери белсенділігінің түсуіне әкеліп соғуы мүмкін".  

Серіктестер жаңалықтары