Тікелей эфир

Депутат: Мәлік Ғабдуллин академиясы жоқтан бар жасап отыр, бірақ бұл ұзаққа бармайды

Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов Мәлік Ғабдуллин академиясына қаржы бөлуді сұрап отыр.

Елімізде соңғы жылдары орын алған төтенше оқиғалар Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына тиісті жағдай жасап, көңіл бөлу қажет екенін көрсетіп отыр. Біздің мемлекеттің әлеуеті оған толық жеткілікті, деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Мәди Ахметов.

"Көкшетау қаласындағы өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды даярлайтын Мәлік Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы бүгінгі таңда елімізде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы азаматтық қорғау органдарының офицерлерін даярлайтын жалғыз оқу орны. Өкінішке орай, 1997 жылы құрылған академияның қазіргі халі мүшкіл, атына заты сай емес. Бұл сұрақты үкімет сағатында көтерген болатынбыз. Наурыз айында академияға арнайы барып, мәселені артқа шегермей, шұғыл түрде шешу қажет екеніне көз жеткіздім", – деді Мәди Ахметов.

Мәжіліс депутатының айтуынша, өткен ғасырдың жетпісінші жылдары салынған төрт қабатты ғимарат қазіргі таңда курсанттар тұратын казармаға бейімделген. Ешбір стандартқа, санитарлық нормаға сай келмейтін, қырық жамау терезесінен жел гуілдеп тұрған, жуынатын бөлме мүлде қарастырылмаған 250 адамға арналған жатақханада 450 курсант амалдың жоқтығынан тұруға мәжбүр. Ал бітіруші курсанттар қаладан пәтер жалдап, өз күнін өзі көруде.


Оқи отырыңыз: Мәжіліс депутаты отандық тоқыма бұйымдарын өндірушілерді қолдауды сұрады


Сондай-ақ, оқу орнының материалдық-техникалық базасы мүлде сын көтермейді. Академия балансындағы 264 компьютердің 88 пайызы қолданысқа жарамсыз. Қалған 30-ға жетер-жетпес техника істен шығуға жақын. Соңғы рет компьютерлік техника 2012 жылы, яғни, 10 жыл бұрын жаңартылған. Академияның оқу корпусы, зертханалары заманауи талаптартан алшақ, елордалық мектептің спорт залы академияның тозығы жеткен спорт кешенің екі орап алады, тіпті салыстыруға келмейді.

"Академия жайлы мәлімет ұлттық білім беру деректер қорында мүлде жоқ. Оқу орны 2013 жылдан бері өз күшімен жасақтаған бір істеп, бір істемей тұрған "Курсант" ақпараттық жүйесі арқылы жұмыс істеуде. Бұл мәселені шешуге қаржы көзі табылмай отыр. Табиғи және техногендік, су тасқыны мен жер сілкінісі, экологиялық сипаттағы апаттарда бірінші болып көмекке келетін болашақ офицерлерді жоғарыда баяндалған жағдайда даярлау барып тұрған қиянат. Академия басшылығы қалыптасқан жағдайға қарамастан, жоқтан бар жасауда. Бірақ кешенді әрекетсіз бұлай ұзаққа бармасы анық", – деді депутат.

Осы орайда, Мәди Ахметов негізгі екі мәселені атап өтті.

  1. Академияның жаңа оқу корпусы, жатақхана, спорт кешенін салу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге және  оқу процесін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйені сатып алуға қаржы бөлу мәселесін шешу қажет.
  2. Академияның материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға жыл сайын республикалық бюджеттік комиссия қолдамай келе жатқан бюджеттік өтінімді қолдап, тиісті қаржыны бөлу мәселесін қайта қарастыру керек.
Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары