Тікелей эфир

Елде жүздеген мың гектар орман жері ешкімнің атына бекітіп берілмеген

Аманғали Бердалин шабындықтар мен жайылымдарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан облыстық бюджеттерге түсетін түсімдердің тым аз екенін айтты.

Талдау кезінде орман ағаштарының осыдан 40-50 жыл бұрын отырғызылғаны белгілі болды. Осының салдарынан олар қурап, қорғаныш қызметін атқара алмайтындай күйге түскен, деп мәлімдеді Қазақстан Республикасы парламенті мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі Аманғали Бердалин.

"Орман шаруашылығы саласында білікті кадрлар жоқ, "ҚТЖ" ҰК" АҚ және "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ бөлімшелері орман шаруашылығы және орман өсіру жұмыстарын жүргізбейді. Тек іс жүзінде өртке қарсы іс-шаралардың орындалуын және минералдандырылған жолақтардың құрылысын бақылайды. Мемлекеттік орман қоры жерлерін ұтымды пайдалану және МОҚ-ға кірмейтін орман ресурстарына ұқыпты қарау да – маңызды мәселе. Қазіргі уақытта МОҚ жерінің жалпы ауданы шамамен 30 млн гектарды құрайды, бұл ретте орман алқаптары бар болғаны 18,3 млн гектар, ал ормансыз алқаптар, оның ішінде егістік, шабындық, жайылым және өзге де алқаптар 11,2 млн гектарды құрайды", – деді Аманғали Бердалин.

Сондай-ақ, депутат ауыл шаруашылығын жүргізуге болатын ормансыз алқаптардың дұрыс пайдаланылмайтынына тоқталды. Айтуынша, шабындықтар мен жайылымдарды пайдаланғаны үшін төлемақыдан облыстық бюджеттерге түсетін түсімдер тым аз және бұл жерлердің бір бөлігі жасырын түрде пайдаланылады деп болжауға негіз бар.

"Сонымен қатар, елімізде жүздеген мың гектар табиғи және жасанды орман екпелері бар. Олар еш жерде ескерілмеген, ешкімнің атына бекітіп берілмеген және тиісінше МОҚ құрамына енгізілмеген. Мәселен, Ақтөбе облысында мемлекеттік орман қоры аумағынан тыс жерде 70 мың гектардан астам орман екпелері өсетіні анықталса, облыстың 7 орман шаруашылығы – 45 мың гектар ғана орман алқабы бекітілген. Яғни, экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің деректері бойынша республика аумағындағы орман жамылғысының деңгейі 4,7 пайызды құрайды, бұл нақты көріністі толық көрсетпейді", – деп қосты депутат. 

Осы орайда, депутат бірнеше ұсыныс айтты:

  1. "ҚТЖ" ҰК" АҚ және "Қазавтожол" ҰК" АҚ бөлімшелеріне тиісті қаржы қаражатын бөле отырып, қорғаныш орман екпелерін реконструкциялау және молықтыру арқылы көлік коммуникацияларына іргелес аумақтарды абаттандыруға қатысуын міндеттеу.
  2. Қолда бар орман алқаптарын қорғау және жерді мақсатты пайдалану тиімділігін арттыру мақсатында орман қоры жерлерінің пайдаланылмайтын ормансыз жерлерін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге беру мүмкіндігін қарастыру.
  3. Уәкілетті органға елдің аумағында жердің басқа санаттарындағы жерлерде орналасқан табиғи және жасанды түрде отырғызылған екпелер өсетін маңызды учаскелерді анықтау тұрғысынан мониторинг жүргізуді, оларды кейіннен мемлекеттік орман қорының құрамына енгізуді тапсыру. 

Еске салсақ, Алматы облысында өзгенің 76 бас малын қарызын өтеу үшін сатып жіберген алаяқ қойшының ұсталғаны туралы хабарлаған едік. Ол жоқ малды "баққаны" үшін мал иелерінен 1 365 000 теңге көлемінде төлем алған.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары