Тікелей эфир

Депутат ел солтүстігіне көшкеннен кейін туған сәбилерге төленетін жәрдемақыны арттыруды ұсынды

Дәулет Мұқаевтың айтуынша, халықты теріскейгк көшіру оңай, бірақ ол жақта ұстап қалу қиын.

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев Қазақстанның оңтүстігінен солтүстікке қоныс аудару бағдарламасын жетілдіруге қатысты бірқатар ұсыныс білдірді. Ол бұл туралы премьер-министрдің орынбасарлары Роман Скляр мен Алтай Көлгіновке жолдаған депутаттық сауалында айтты.

Депутаттың айтуынша, "Қуатты өңірлер – елді дамытудың драйвері" ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде 2022 жылы Теріскейге 7923 адам қоныс аударған. Олардың 1320 қандас және 6603 ішкі қоныс аударушылар болған. Ал биылға 8 652 адамға квота бөлінген. Алайда, бағдарламға 2021-2025 жылдарға 46,7 миллиард теңге бөлінсе де, оң нәтижесін бермей отыр. 

"Себебі, көшіп барғандар көп ұзамай өз аймақтарына қайтадан көшіп жатыр. Ресми статистикаға сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысының өзінде-ақ миграция сальдосы теріс мәнге ие. Соңғы жылдары оңтүстік аймақтан көшіп келген 600 адам бұл облыстан қайта көшіп кеткен. Ал олардың саны жыл санап артуда. Адамдарды көшіру емес, көшіп барғандарды сол мекенде ұстап қалу қиын. "Арқа жайлы болса, арқар ауып несі бар". Солтүстік Қазақстанда жұмыс көзі аз, өмір сүру деңгейі төмен, берілген баспаналардың сапасы сын көтермейді. Берілген жоспарды орындау үшін сан қуып жүргенде, сапа ұмыт қалғандай", – деді депутат.


Оқи отырыңыз: Депутаттар мүгедек баласы бар ананы 50 жаста зейнетке шығаруды ұсынды. Дүйсенова не дейді?


Бұл ретте Дәулет Мұқаев солтүстікке көшуге ынталы азаматтар көп екенін жеткізді. Себебі, 2022 жылы Dauletten қайырымдылық қоры ұйымдастырған "Бала-шағамен солтүстікке" жобасы аясында 5 орынға 1311 отбасыдан өтінім түскен. Осыған орай, депутат бағдарламаны жетілдіру үшін бірқатар ұсыныс жолдады. Атап айтқанда:

  • жаңадан салынған үйлердің сапасыз екенін ескере отырып, мемлекеттік бағдарлама аясында екінші деңгейлі нарықтан тұрғын үй сатып алу немесе өздеріне үй салу мүмкіндігін қарастыру қажет;
  • ауа райы мен қоныс аударушылардың адаптациялық кезеңін ескере отырып, қоныс аударуды тек ерте көктемде жүзеге асыру қажет;
  • қоныс аударған ағайынға жат жердің тыныс-тіршілігіне үйренісуге жәрдемші болатын арнайы бейімдеу орталығы мен бірегей сайт, жедел желі телефонын іске қосылуы керек;
  • қоныс аударушыларды арнайы комиссия негізінде іріктеп, кәсіпке икемі бар, көпбалалы отбасыларға басымдық берілу керек;
  • қоныс аударғаннан кейін туылған әр сәбиге де берілетін жәрдемақы деңгейін арттыру қажет;
  • жұмыс орындарының санын көбейту мақсатында жұмыс беруге мүмкіндігі бар кәсіпкерлерді көшіруге ықпал ету немесе жас кәсіпкерлерді қызықтыратын арнайы өңірлік бағдарлама әзерлеу керек;
  • қоныс аударған жандардың кәсібін дөңгелетіп кетуге 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиелер санын арттырып, субсидиялар, гранттарды ұлғайту керек.
Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары