Швейцарияның Женева қаласында өткен баспасөз мәжілісінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі Маргарет Харрис Қытайда таралып жатқан метапневмовирус туралы жауап берді. Оның айтуынша, инфекцияның коронавирус секілді қаупі жоқ. Бұл туралы БҰҰ ресми сайтында жазылған.
ДДСҰ өкілі Қытайда аталған инфекцияның таралу деңгейі маусымдық көрсеткіштерге сәйкес келетінін атап өтті. Оның қасында кәдімгі тұмау – әлдеқайда жиі кездесетін жұқпалы инфекциялық ауру болып саналады.
Оқи отырыңыз: Метапневмовирус коронавирустан да қауіпті ме? Маңызды 9 сұраққа жауап
"Метапневмовирус 2001 жылы анықталған және ол бірталай уақыттан бері халық арасында тарап жүр. Оның белгілері кәдімгі суық тигенде болатын симптомдармен өте ұқсас. Тұмау секілді ол да біреуде жеңіл, біреуде ауыр өтеді. Балалар, қарттар және иммунитеті төмен адамдар үшін метапневмовирустың қаупі күштірек болады", – деді Маргарет Харрис.
ДДСҰ өкілі, сондай-ақ, метапневмовирус жұқтырғандар арасында өлім көрсеткіші өте төмен екенін атап өтіп, оның алдын алу үшін маска тағу, қолды тұрақты жуу және бөлмені желдету сынды шараларды қолға алуға кеңес берді.
Оқи отырыңыз:
- "Даңғаза жасаудың қажеті жоқ". Тоқаев метапневмовирус туралы пікір білдірді
- Метапневмовирус Қазақстанға да жетті: Одан қалай қорғануға болады