Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Студенттер үйіне барды, деп хабарлады Ақорда ресми сайты. Жастармен кездесу барысында ол жұртты алаңдатқан метапневмовирус туралы пікір білдірді.
"Қазір бәрі жаңа инфекция туралы айтып жатыр. Меніңше, одан даңғаза жасаудың қажеті жоқ. Сондықтан Қытаймен ынтымақтастықты одан әрі дамытуымыз керек", – деді мемлекет басшысы.
Оқи отырыңыз: Метапневмовирус Қазақстанға да жетті: Одан қалай қорғануға болады
Президент Еуразия ұлттық университетінің студенттері мен магистранттарына және докторанттарына арналған 2656 орындық жаңа жатақхананы аралап көрді.
Мемлекет-жекеменшік серіктестігі негізінде салынған Студенттер үйі үш заманауи блоктан тұрады. Олардың әрқайсысы студенттердің жайлы тұрмысы мен білім алуына мүмкіндік беретін коворкинг аймақтармен, кітапханалармен, спорттық және коммерциялық орындармен жабдықталған.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстарды оң бағалап, білім беру саласындағы және жастар арасындағы халықаралық ынтымақтастықтың маңызды екеніне назар аударды.
"Мемлекет басшысы жатақханада студенттермен әңгімелесіп, Ana tili газетіне берген сұхбатында айтқанындай, елімізде цифрландыру мен жасанды интеллектті дамытуға ерекше мән берілетінін, бұл озық технологиялар әр салаға енгізілетінін жеткізді. Президент бұл ретте жастарға айрықша үміт артатынын атап өтті", – делінген ресми хабарламада.
Оқи отырыңыз: Тоқаев KIS Astana халықаралық мектебін аралап көрді