Метапневмовирус (hMPV) Қытайда және оған көршілес аймақтарда таралып жатыр. Қазақстанда отыз адамнан табылған. Алайда бұл енді пайда болған вирус емес. Метапневмовирус белгілері қандай? Оны жұқтырған адам қалай емделуі керек? Бұл вирус коронавирустан да қауіпті ме? Информбюро порталы осы және өзге де сұрақтарға жауап әзірледі.
№1. Бұл қандай вирус?
Метапневмовирус (hMPV, Human metapneumovirus) – бұл тыныс алу жолдарының инфекциясын тудыратын вирустардың бірі. Ол адамға негізінен ауа-тамшы, тыныс алу жолдары арқылы жұғады. Осы вирустың штамдары Қазақстанда ЖРВИ және тұмаудың маусымдық өсуі кезеңінде анықталды. Маусымдық вирус күз бен қыста өршиді.
№2. Вирус қашан анықталды?
Метапневмовирус алғаш рет 2001 жылы Нидерландта науқастан анықталды. Дегенмен ол оған дейін де адамдарға жұққан. Мамандар метапневмовирус адамдар арасында кем дегенде 1950 жылдардың соңынан бастап таралған деген пікірде.
№3. Белгілері қандай?
Метапневмовирустың негізгі белгілері:
- жөтел;
- мұрыннан су ағу, бітелу;
- ентігу, тырысу;
- бас ауруы;
- тамақтың ауыруы;
- дене қызуының көтерілуі.
№4. Қалай емделу қажет?
Метапневмовирусты нақты емдеу хаттамасы жоқ. Вирустың өзімен емес симптомдарымен күресуге болады. Адамның халін жақсарту мақсатында симптоматикалық ем жасалады.
Аурудың жеңіл түрімен ауырған адам дәрігерге қаралмай-ақ жазылады, өйткені ауру өздігінен кетеді. Симптомдарды жеңілдету үшін үйде ем-шара жүргізуге болады. Алайда ауру асқынса, яғни ентігу, қатты жөтел немесе өкпенің сырылы пайда болса, дәрігерге жүгіну керек.
№5. Ауруға қарсы вакцина бар ма?
Бұл вирусқа қарсы нақты дәрі-дәрмек немесе вакцина әзірге жоқ. Десе де, 10 жастан аспаған балалардың бәрінде осы вирусқа қарсы иммунитет қалыптасады. Ағза әлсіресе, иммунитет төмендесе, вирустың жаңа штаммы шықса бұрын ауырған адам бұл вирусты қайта жұқтыруы мүмкін.
№6. Ауру асқынса не болады?
Әсіресе кішкентай балалар, қарт адамдар немесе иммунитеті әлсіреген адамдар инфекцияны ауыр өткереді. Ауру асқынса бронхитке немесе пневмонияға әкелуі мүмкін.
Басқа респираторлық инфекциялар секілді метапневмовирус кішкентай балалардың, әсіресе бір жасқа толмаған балаларға қауіп төндіреді. Иммунитеті әлсіз, созылмалы аурулары бар науқастар, қарттар үшін де қауіпті.
№7. Алдын алу жолдары қандай?
Кез келген инфекциялық аурудың алдын алу жолдары:
- жеке гигиенаны сақтау: қолды жиі жуу, бетперде тағу, антисептик қолдану;
- бөлмені үнемі желдету;
- науқас адамдармен байланыс жасамау;
- иммунитетті нығайту: дұрыс тамақтану, қанық ұйқы, дәрумен ішу.
№8. Антибиотикпен емдеп жазуға бола ма?
Метапневмовирустың вирус екенін атауының өзі айтып тұр. Олай болса кез келген вирусқа антибиотиктер әсер етпейді. Антибиотиктер бактериялық пневмония секілді тек бактериялық инфекция қосылған жағдайда ғана тағайындалуы мүмкін.
№9. Метапневмовирус коронавирустан да қауіпті ме?
Әлеуметтік желілерде Қытайда жаңа вирустың өршіп тұрғаны және метапневмовирустың коронавирус инфекциясынан да қауіпті екені туралы ақпарат тарады. Бұл шындыққа жанаспайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда вирустың өршуіне қатысты әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Демек бұл аурудың COVID-19 инфекциясынан да қауіпті екені шындыққа жанаспайды.
Метапневмовирус – бұл маусымдық респираторлық инфекция. Ол коронавирус сияқты жаһандық қауіп төндірмейді. Қазақстанда метапневмовирус жұқтырғандар анықталғанымен, олардың саны көп емес.