Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде дәстүрлі медиа туралы өз ойын айтты.
Президенттің сөзінше, медиаиндустрия цифрлық дәуірдің сын-қатерлерімен алғашқылардың бірі болып бетпе-бет келіп отыр.
"Цифрлық матрицаның – қоғам өміріндегі жаңа санаттың бір бөлігіне айналды. Нарықтың түбегейлі өзгеруі салдарынан жаңалықтар порталы, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер алдыңғы қатарға шықты. Мерзімді баспасөз бен телевизия бұрынғы үстемдігінен айырылды. Қазіргі жағдай осындай. Алайда мен "Дәстүрлі медианың дәурені өтті" деген пікірмен келіспеймін. Керісінше, газеттер мен телеарналар жаңа форматқа көшіп, инновациялық мультимедиялық платформа құрып, заман талабына сай дамып келеді", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы дәстүрлі медианың артықшылығы ретінде олардың мәселені терең талдап, шолу мен сараптама ұсына алатынын атады.
"Ақпараттық кеңістікте қарабайыр тақырыптар қаптап, ұсақ-түйекті сөз қылу көбейген заманда сапалы әрі өзекті журналистиканың маңызы еселеп артады. Сондықтан, менің ойымша, дәстүрлі БАҚ қым-қиғаш уақиғалар нөпірінде қоғам үшін ақпарат айдынындағы компас, тіпті идеологиялық бағдар рөлін алдағы уақытта да атқара береді, – деді президент.

