Co-Create & Co-Define: Chery қолданушыларының 2025 жылғы халықаралық саммиті қалай өтті

Фото: Chery International
Фото: Chery International
Саммитте бренд дәстүрлі көлік өндірісінен біртұтас интеллектуалды экожүйе құрастыруға бағытталған стратегиясын таныстырды.

17-21 қазан аралығында Қытайдың Уху қаласында әлемдегі ең ірі автобрендтердің бірі – Chery Automobile өзінің жыл сайынғы халықаралық саммитін өткізіп, әлемнің 80 елінен 3 мыңнан астам адамның басын қосты. Олардың арасында қазақстандық Chery көлігінің иелері, жаһандық автоконцерннің дилерлік орталықтарының қызметкерлері мен БАҚ өкілдері де болды. 

Жаһандық test-drive

Халықаралық саммит символикалық түрде Endless Horizons аталған ауқымды тест-драйвқа қатысушылардың Ухудағы мәре сызығына жетуімен бастау алды. 1403 шақырымға созылған бұл тест-драйв – Азия, Еуропа, Таяу Шығыс және Латын Америкасы елдерін қамтыған жалпы ұзындығы 20 мың шақырымнан астам тест-драйвтың қорытынды бөлігі болатын. 

Фото: Chery International

Қазақстан, Бразилия Малайзия, Индонезия, Ирак, Латвия, Грекия және Болгарияның көлік жүргізушілері осы соңғы бөлікте Chery Tiggo 7, 8 және 9 кроссоверлерімен Тайюань қаласынан Лоан, Шанцю, Суджоу арқылы Ухуға жетіп тоқтады. Мұндағы басты мақсат – Chery Super Hybrid технологиясын сынақтан өткізу болатын. Ол үшін сөре сызығында көліктерге бензин тола құйылып, бак қақпағы тұйықталды. Осы отын қоры және электр қуатымен көліктер Ухуға дейінгі 1400 шақырым жолды бағындыруы қажет. Ал отын деңгейі, батарея қуаты арнайы орнатылған камералар арқылы бақыланып отырды. 

"Chery Super Hybrid технологиясына жасалған жаһандық тест 20-дан астам елді қамтып, Қытайдың гибридті технологиясының жетістіктерін көрсетті. Компания бүкіл әлемдегі қолданушыларымен бірге ақылды әрі экологиялық даму жолын жалғастырады", – деді тест-драйв қатысушыларын қарсы алу рәсімінде Chery International вице-президенті Чжу Шаодун. 

Chery International вице-президенті Чжу Шаодун

Оның сөзінше, тест-драйв нәтижесі Chery Super Hybrid технологиясының тиімділігін дәлелдеп берді. Бұл технология жылу пайдалы әсер коэффициенті 44,5 пайызды құрайтын жоғары тиімділікті қозғалтқышты, DHT гибридті трансмиссиясын және ІР68 стандартты батареясын біріктіреді. Тест-драйвқа қатысушылар Tiggo 9 көлігі 100 метрге бар болғаны 5,4 секундта жете алатынына және көліктің 100 шақырым жолға орта есеппен 4,9 литр жанармай жұмсайтынына көз жеткізді.  


Оқи отырыңыз: Ұшатын көлік, робот және жасыл энергия. Chery-дің заманауи трендтері қандай


Ғаламдық инновациялық конференция

Chery саммитінің аясында ғаламдық инновациялық конференция өткізіліп, автоөндіріс саласындағы жаңа трендтер, инновациялық жетістіктер мен уақыт пен тұтынушылардың қойып отырған талаптары кеңінен талқыланды. 

Chery Automobile Директорлар кеңесінің төрағасы Инь Туньюэ 2025 жылғы тоғыз айда Chery тобы 2 миллионнан астам автокөлік сатқанын, оның ішінде Еуропадағы сату көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есе артқанын мәлімдеді. 

Фото: Chery International

Жеңіл көлік экспорты бойынша Chery қытайлық брендтер арасында 22 жылдан бері көшбасшылық позицияны бермей келеді. Бүгінде әлем бойынша 17,5 миллионға жуық адам Chery брендінің көліктерін тізгіндеген. 

"Болашақ бізден автокөлік өндірісімен шектеліп қалмай, мобильділіктің ақылды, тұрақты және жергілікті экожүйелерін құруды талап етеді. Chery әрбір нарықты шын мәнінде жергілікті компанияға айналуды көздеп отыр", – деп атап өтті Инь Туньюэ.

Бұл мақсат компанияның "In Somewhere, For Somewhere and Be Somewhere" тұжырымдамасында сипатталған. Компания болашақта әлемдегі жүзден астам нарығында тек көлік өткізу болып қана қоймай, өз өндірісі, өз R&D орталықтары бар біртұтас экожүйеге айналмақ.  

Пан Ги Мун: Chery-дің ESG тәжірибесі бүкіл автокөлік индустриясына үлгі

Саммит барысында Chery компаниясының жаңартылған Жаһандық консультативтік альянсы ресми түрде таныстырылды. БҰҰ-ның сегізінші бас хатшысы және Chery құрметті ESG кеңесшісі Пан Ги Мун жетекшілік ететін альянс өнеркәсіп саласындағы серіктестер мен тұрақты даму бойынша халықаралық ұйымдардың өкілдерін біріктіреді. Олар компанияның ESG саласындағы стратегиясына жетекші әлемдік білім мен кәсіби сараптамасын ұсынады. 

"Бүгінгі өзгерістерге толы заманауи әлемде сын-қатерлерге қарсы тұру үшін салалардың бәріне мықты әрі жауапты көшбасшылық қажет. Осы ретте мен Chery-дің сәтті коммерциялық ESG тәжірибесі бүкіл автокөлік индустриясына үлгі болып, бизнес нәтижелер мен қоғамдық құндылықтарды біріктіреді деп есептеймін", – деді Пан Ги Мун. 

Фото: Chery International

Сондай-ақ, ол компанияның "жасыл фабрикалар" құру, жаңа энергетиканың жетекші технологияларын дамыту білім беруді қолдау бағытындағы бастамаларын ерекше атап өтті. 

"Бұл – корпоративтік азаматтықтың әрі жарқын, әрі заманауи үлгісі. Мен бұл синергия "Істің даусы сөзден гөрі қатты шығады" деген қағидаға негізделгеніне сенімдімін", – деді Пан Ги Мун. 


Оқи отырыңыз: Chery ЮНИСЕФ-тің әлем бойынша білім беру бағдарламаларына 6 миллион доллар бөледі


Crash-test

Саммит аясында бүкіл әлемнен жиналған қонақтар Crash-test сынағына куә болды. Chery Crash Test Center сынақ полигонында екі Tiggo 9 көлігі сынақ режимінде сағатына 50 шақырым жылдамдықпен қозғалып, бір-бірімен 15 градустық бұрышта соғысты. Бұл апат жағдайында көліктердің жолаушылар үшін қаншалықты қауіпсіз екенін тексеруге арналған сынақ болатын. 

"Нағыз қауіпсіздік – күшке күшпен қарсы тұру емес. Қытайдың Тайцзи стиліне сәйкес, ол басқару өнерімен, күшті бейтараптандыру және қуат пен икемділіктің теңгерімін табумен сипатталады", – деді Chery брендінің бас директорының орынбасары Гэвин Лян. 

Ал Chery Automobile бас инженері Сюй Юйчжунның түсіндіруінше, көліктердің шамамен 15 градуста бір-біріне қиғаш бұрышпен соғылуы – өмірде ең жиі кездесетін жол апаттарының бірі. 

Фото: Chery International

Crash-test нәтижесінде оған қатысқан 500-ден астам адам көліктердің қауіпсіздік жүйесі мүлтіксіз іске қосылғанына куә болды. Айталық, екі көліктің де жолаушылар салоны зақымдалмастан, тұтас күйінде қалды. Сондай-ақ, алдыңғы және тізеге арналған қауіпсіздік жастықтары апат кезінде дер уақытында іске қосылып, манекен жолаушыларды аман алып қалды. 

Оған қоса, апат кезінде есіктердің құлпы мен терезелері автоматты түрде ашылды. Айта кетейік, бұл өмірде жиі кездесетін қауіптің бірі. Апат кезінде жолаушылар есік-терезе жабылып қалып, шыға алмай қалатын. Ал Chery көліктерінде бұл мәселе сәтті шешімін тапқанына қатысушылар өз көзімен куә болды. 

Бұдан бөлек, апаттық сигналдар да автоматты түрде қосылып, қауіпсіздік белдіктері өздігінен тартылып, жолаушыға тиетін соққының күшін азайтқан. 

Бас инженер Сюй Юйчжун аталған және өзге де қауіпсіздік шаралары еш ақаусыз іске қосылып, тесттің сәтті өткенін мәлімдеді. 

Еске салайық, биылғы 15 ақпанда Tiggo 7 CSH ;2yt Tiggo 8 CSH Euro NCAP 5 жұлдызды қауіпсіздік ретингін иеленген болатын. 

Ride Green Life

Компания биыл үшінші жыл қатарынан "Ride Green Life" аталатын веложарыс өткізді. Оған Chery 2025 халықаралық саммитіне әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған 3 мыңнан астам адам қатысты. Олардың арасында қазақстандық қонақтар мен бұқаралық ақпарат құралдарының да өкілдері болды. 

Веложарыстың ашылу рәсімінде Chery Біріккен Ұлттар Ұйымының ЮНИСЕФ балалар қорымен білім беру саласындағы ынтымақтастықты жалғастыратынын мәлімдеді. Компания 2023 жылдан бері бұл бағытта 6 миллион АҚШ долларын бөлсе, енді 2028 жылға дейінгі мерзімде тағы да 6 миллион АҚШ доллар көлемінде көмек көрсетеді. Компанияның қаржылай көмегі Қытай, Мексика, Оңтүстік Африка, Түркия, Индонезия және Вьетнам сынды бірқатар елде білім беру бағдарламаларын қолдауға бағытталады. Бұл туралы Информбюроның арнайы материалынан оқи аласыздар.

Фото: Chery International

Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі – ол қытай велоспорт қауымдастығының ресми сертификатына ие болып, China Cycling Conference жарыстар жүйесіне ресми түрде енді. Бұл "Ride Green Life" веложарысының ұлттық экологиялық шара ретінде мемлекет деңгейінде мойындалғанын растайды.  

9 шақырымдық жарыс жолы Янцзы өзенінің бойымен өріліп, шеңбер жасай тұйықталды. Қатысушылардың бәрі сөреге сергек жетті. Оларды марапаттауға Chery компаниясының инновациялық өнімдері – Chery AiMOGA Robotics жобасының Argos робот иттері көмектесті. Мұндай экологиялық бастама мен робот технологиясының үйлесімі – табиғат пен жоғары технологиялардың жарасымдылығының символына айналды. 

"Ride Green Life – Chery компаниясының, міне, бірнеше жылдан бері игі дәстүріне айналып үлгерген қайырымдылық шарасы. Биыл оның ауқымы да кеңейіп, форматы да түрленді. Біз Ride Green Life веложарысын ықпалды, экологиялық, қоғамдық кампанияға айналдырып біздің ортақ үйіміз – Жер планетасы тұрғындарының бәрін жасыл идея астында біріктіруді мақсат етеміз", – деді Chery тобы Директорлар кеңесінің төрағасы Инь Тунъюэ. 

Фото: Chery International

Chery Global Innovation 2025 саммиті – Chery брендінің технологиялық жетістіктері мен мақсаттарын таныстыратын ғана емес, жаһандық диалог пен ашық әріптестікке шақыратын алаңға да айналды. Болашақта компания тобы өзінің инновациялық экожүйесін пайдалана отырып, жаһандық технологиялық трансформацияны жеделдетуді мақсат етіп отыр. Бұл – автомобиль индустриясы тарихының жаңа парағы болмақ. 

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары